Астанада көше атауларының дұрыс жазылуы тексерілді

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы 15 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» ҚР Заңы талаптарының орындалуын тексеру мақсатында 14 рейд жүргізді. Нәтижесінде 400-ден астам көше тексеріліп, көптеген көше атауларының жазылуында, реттік сандарында кеткен қателер анықталды, деп хабарлады басқарманың ономастика бөлімінің бас маманы Нағима Майлыбаева елорданың ресми сайтына.
None
None

«Ономастика туралы қабылданған жаңа заң - жер-су және елді мекен атаулары мен көшелердің, өзге де маңызды нысандардың тарихи немесе халық қалаған есімдерін қалпына келтіруге бірден-бір мүмкіндік береді. Алайда, халық бір көшенің атауын бірнеше нұсқада айтады. Оның үстіне, көше атауының жазылуында кездесетін стилистикалық, әрі орфографиялық қателіктер де жоқ емес. Негізі, қаладағы көше атауларының дұрыс жазылуын қалалық мәслихаттың шешімімен әкімдік бір нұсқада бекітеді. Және сол бастапқы нұсқадан бұрмаланбауы керек», - деді бас маман.

Рейд барысында «даңғылы Жеңіс (дұрысы - Жеңіс даңғылы), Бесшалкар көшесі (дұрысы - Бесшалқар көшесі), Балхаш орамы (дұрысы - Балқаш орамы), Найза-кара көшесі (дұрысы - Найзақара көшесі)» деп жазылып кеткен қателіктерді түзетуге тиісті органдарға ұсыныс жасалды.

Тілдерді дамыту басқармасы бүгінде наурыз айында өтетін қалалық Ономастика комиссиясының кезекті отырысын өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар