Астанада көші-қон қызметінің 95%-ы автоматтандырылған

«Бүгінде елорданың көші-қон қызметі басқармасы 13 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерді ұсынуда автоматтандыру мен электронды нұсқаға көшіруге ерекше назар аударылып отыр. Соңғы екі жылдың ішінде тағы 2 қызмет автоматтандырылды. Ол «Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге құқық беретін виза беру» мен «Қазақстан Республикасының визасын беруге шақыруларды қабылдау және бекіту», - деді Арман Баймұхамет қалалық полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бүгінде елордада көші-қонға қатысты мемлекеттік қызметтің 95 пайызы автоматтандырылған.
«Жыл басталғалы көші-қон қызметінің бөлімшелері 147 мың 336 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде көші-қон қызметінің бөлімшелері арқылы – 11 486, мемлекеттік корпорация арқылы – 81 065 және «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы – 54 785 қызмет ұсынылды», - дейді ол.
Бұған дейін 6 мыңнан астам шетел мигрантына астанада жұмыс істеуге рұқсат берілгені айтылды.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер 27 млн. теңге айыппұл төлеген.