Астанада ҚР мемлекеттік рәміздерінің дұрыс орналастырылуын бақылау күшейтілді
Мемлекеттік органдардың ғимараттарында жыртылған тулар орнату, олардың бекітілген стандарттарға сәйкес болмау жағдайлары жиі кездесіп отыр. «12 наурызда Мемлекеттік рәміздерді дұрыс орналастыруды тексеру мақсатында аудан территориясын кезекті аралау кезінде сәйкес талаптарды бұзушылықтар анықталды. Мысалы, Есіл ауданы Салық комитетінің және №1, №2 аудандық сот ғимаратындағы мемлекеттік ту күнқағарға оратылып қалған. «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының ғимаратындағы мемлекеттік тудың түсі стандартқа сәйкес келмейді. «Жаңа қала-Астана» Салық басқармасының және «№20015 әскери бөлімі» ММ ғимараттарында орнатылған тулар жыртылған. «Люкс Дэвеломпент» ЖШС және «Ренко» бизнес орталығының ғимараттарында тулардың тақ санының бір уақытта көтерілуінде мемлекеттік жалау дұрыс орнатылмаған», - деді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәр Қасенова. Айта кетейік, тексеру барысында ұйымдардың басшылары анықталған орынсыздықтар туралы хабардар етілді. Отырысты қорытындылай келе, Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы мемлекеттік рәміздерді заң талаптарына сәйкес дұрыс пайдалануды бақылау жалғасуы тиіс екенін атап өтті.