20:50, 30 Сәуір 2009 | GMT +5
Астанада ҚР тұңғыш Президентінің Қоры мен кітапханасы, опера және балет театры, 5 мың адамға арналған мешіт құрылысы 2011 жылы басталады
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Астанадағы үш нысан – ҚР тұңғыш Президентінің Қоры мен кітапханасы, опера және балет театры, 5 мың адамға арналған мешіт құрылысы 2011 жылы басталмақ.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы сәулет кеңесінің отырысында Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Сәрсембек Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, 2009-2010 жылдар жобалауға кетеді, ал 2011 жылы жобалар жүзеге асырыла бастайды. Қазіргі уақытта, аталған құрылыстардың үздік нұсқа-идеясына халықаралық байқаулар өткізілуде. Әзірге байқауға барлығы 57 жұмыс жіберілген еді, бірақ солардың жартысынан астамы жарияланған талапқа сәйкес емес деп танылды. Оның ішіндегі 15 жобаның авторлары - шетелдіктер. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы сәулет кеңесінің отырысында байқаудың қорытындысы шығарылды. Әр нысан бойынша таңдау 2-3 жұмысқа түсті, деп хабарлады С.Жүнісов Тәуелсіздік сарайында өткен баспасөз мәслихатында. Олардың авторлары ? малайзиялық, бельгиялық, даниялық, испаниялық және АҚШ пен қазақстандық сәулетшілер. Қазылар алқасының мүшесі, АҚШ сәулетшісі Эрик Кун атап өткендей, жоба нұсқалары мына белгілер бойынша таңдалды: нысандарда ұлттық рух көрініс беруі тиіс, қолданылған материалдар, құрылыстың пішіні, сондай-ақ нысанның айналамен үйлесім табуы ескерілді. С.Жүнісовтің айтуына қарағанда, соңғы шешімді Мемлекет басшысы айтады. Алдағы 10 күн ішінде сәулет додасының жеңімпазы анықталады. Бүгінгі күні үздік нұсқаға байқау жүргізіліп жатқандықтан, аталған нысандарға қаржының қанша мөлшерде және қайдан алынатыны шешілген жоқ.