Астанада кірме жол қызметіне тариф бекітуге қатысты жария тыңдау өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті «MJ Logistic LTD» компаниясының баламасыз кірме жол бойынша реттелетін қызмет тарифі мен тарифтік сметасын бекіту жөнінде жария тыңдау өткізді.
                                              Компания атынан сөз сөйлеген менеджер Мақсұт Мақановтың айтуынша ЖШС теңгерімінде ұзындығы 245 метр болатын кірме жол бар. Ол 2022 жылғы 15 желтоқсандағы сатып алу-сату шарты негізінде алынған. «MJ Logistic LTD» компаниясы жылжымалы құрамның рельстен шығып кетуін болдырмау, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізу, сондай-ақ сапалы реттелетін қызмет көрсету мақсатында осы кірме жолды сатып алған.
– Кірме жолды сатып алғаннан кейін, компания тариф жобасын және тарифтік сметасын Астана қаласының Департаментіне бекітуге ұсынды. Бірінші жылдың қорытындысы бойынша біз шығындық әдіспен жасалған тарифтік сметаны – нақты жұмсалған шығындар негізінде ұсынып отырмыз. Тариф жобасында жалпы 230 мың теңге шығын қарастырылған болатын, алайда өткен кезеңде нақты жұмсалған сома 1 млн 180 мың теңгені құрады. Жөндеу кезінде шпалдардың көп бөлігі жарамсыз екені анықталды. Осыған байланысты материалдар көлемі ұлғайтылды. 2025 жылға шпал ауыстыру немесе күрделі салымдар жоспарланып отырған жоқ, – деді М.Мақанов.
Бұдан әрі спикер басқа шығындар баптары туралы айтып өтті. Атап айтқанда, «Жөндеу» бабында 680 мың теңге көлемінде шығын қарастырылған. Бұл – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығына сәйкес негізгі құралдардың құнын арттырмайтын күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген сома. Нақты жұмсалған сома – 710 мың теңге.
– Жөндеу кезінде құрылыс материалдарының басым бөлігі стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан оларды толығымен ауыстыруға тура келді. Бұл жұмыстар 2024 жылы атқарылды, 2025 жылға мұндай шығындар қарастырылмаған, – деді менеджер.
«Амортизация» бабында 1 млн 470 мың теңге көлемінде шығын есептелген. Бұл сома амортизациялық нормаларға сәйкес есептелді және нақты көрсеткішпен сәйкес келеді.
«Әкімшілік персоналдың еңбекақысы» бабы бойынша 2 млн 568 мың 949 теңге қарастырылған. Орташа айлық жалақы – 110 мың теңге, әлеуметтік аударымдар – 49 мың теңге. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) 67 мың теңге көлемінде шығын көзделген. Бұл сома 2025 жылы жалақының 3%-ын құрайды. Нақты еңбекақы көлемі: директорға – 1 млн 20 мың теңге, бухгалтерге – 1 млн 638 мың теңге.
«Салықтар» бабы бойынша нақты шығындар 120 мың теңгені құрады, оның ішінде:мүлік салығы – 60 475 теңге, жер телімін пайдалану үшін төлем – 60 446 теңге. Бұл салықтар 2025 жылға арналған тарифтік сметаға енгізілмеген.
Реттелетін қызмет көлемі, яғни 2024 жылғы 1 тамыздан 2025 жылғы 31 шілдеге дейінгі 12 айлық кезеңде, 268,52 вагоно-километрді құрады, бұл 548 вагонға сәйкес келеді. Контрагенттерді сауалнама негізінде зерттей отырып, бұл көрсеткішті 329,23 вагоно-километрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Жалпы шығындар сомасы 4 млн 245 мың теңге көлемінде көзделген.
– Компанияның негізгі мақсаты – коммерциялық пайда табу емес, контрагенттермен жұмыс істеу және кірме жолдың тиісті жағдайын сақтау. Себебі бұл жолды бірнеше ұйым пайдаланады, – деп түйіндеді сөзін Мақсұт Мақанов.
Бұған дейін, «Шығыс — Батыс» бағыты бойынша темір жолмен транзиттік тасымал көлемін арттыру қажет екенін жазғанбыз.