Астанада құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтуде
Форумға «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының және құқық қорғау органдарының басшылығы, «Нұр Отан» ХДП-ның жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қалалық қоғамдық кеңестердің мүшелері, Парламент депутаттары, үкіметтік емес, халықаралық және жастар ұйымдарының өкілдері, құқықтанушы ғалымдар қатысуда.
Форумның мақсаты - азаматтық қоғамның басым бөлігін және институттарын сыбайлас жемқорлықпен күрес үдерісіне жұмылдыру, қоғам мен билік арасындағы келісім алаңын кеңейту және тереңдету, сондай-ақ азаматтық қоғамның жемқорлыққа қарсы инфрақұрылымын қалыптастыру болып табылады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық алаң құру, мемлекеттік құрылымдар жұмысына азаматтық бақылауды күшейту, жастарды жемқорлықпен күреске жұмылдыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірыңғай медиа-стратегия құрып, оны іске асыру мақсаты көзделіп отыр.
«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рақымжановтың айтуынша, қазіргі уақытта партия әлеуметтік маңызы бар нысандарда партиялық бақылау бекеттерін ұйымдастыруда.
«Партияның бірінші саяси кеңесінің шешімімен қалада 67 партиялық бақылау бекеті құылды, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар «100 мектеп, 100 аурухана», тұрғын-үй құрылысын дамыту, ҮИИДБ, Ұлттық десаулық сақтау бірыңғай жүйесін құру сынды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын қадағалау бекеттері ашылды», - дейді Ә. Рақымжанов.
Жиын жұмысының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум қатысушыларының үндеуі қабылданады деп күтілуде.