Ұлттық өнер мен классика: Астанада Құрманғазы оркестрінің концерті өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің гастрольдік концерті өтеді. Бұл туралы бүгін оркестр директоры Медет Қуанышев мәлімдеді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі
Фото: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

Астанадағы концерт Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Концерттің алғашқы бөлімінде Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет және биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалады. Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыс батыры Әлия Молдағұловаға арналған туындылар да шырқалмақ.

Концерттің екінші бөлімінде заманауи шығармалар мен әлемдік классика негізіндегі туындылар орындалады.

Оркестрдің бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепбергеннің айтуынша, бұл концерт - тек гастрольдік сапар ғана емес, ұлттық өнер мен қазіргі заман арасындағы рухани көпір болмақ.

Құрманғазы оркестрі
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Биыл оркестр ұжымы бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асырады. Атап айтқанда, 17 маусымда Шымкент қаласында өтетін «Оркестрлер шеруі» жобасы аясында үлкен мәдени іс-шараға қатыспақ. Бұл - оркестр үшін маңызды жобалардың бірі саналады.

- Кешегі Көкшетаудағы концертіміз - негізгі миссиямыздың, яғни халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық музыкасын, күйлерін, халық әндерін және аспаптық туындыларын кәсіби деңгейде насихаттаудың жарқын көрінісі болды. Қала тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды.

Соңғы бес жылда біз көптеген ірі жобаны іске асырдық. Алматы қаласында қатарынан бес жыл бойы концерттеріміз өтіп келеді. Биыл бұл дәстүр Шымкент қаласындағы «Қызғалдақтар» сарайында жалғасады, - деді оркестр директоры Медет Қуанышев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ұжым құрамында еліміздің ең үздік музыканттары еңбек етеді. Оркестр тек дәстүрлі емес, қазіргі заман талабына сай музыкалық форматтарды да меңгеріп келеді. Бұл - ұлттық өнердің жаңарып, дамып жатқандығының нақты дәлелі.

Айта кетсек, 2024 жылы халқымыздың ұлттық кәсіби музыка өнерінің қарашаңырағы, ұлт руханиятының шыңы – қазақтың аспаптық-музыка мәдениетін әлемге танытып жүрген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 90 жыл толды.

Бірғаным Әлиқызы

Соңғы жаңалықтар