Астанада құрылысшылардың өліміне қатысты нысан басшысы қамауға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қол астындағы жұмысшыларының қаза болуына байланысты Астанадағы құрылыс нысанының басшысы қамауға алынды, деп  хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

«Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Тергеу басқармасы Алаш көшесіндегі құрылыс нысанында екі құрылысшының қаза болу фактісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы бойынша (абайсызда екі және одан көп тұлғаның өліміне алып келген құрылыс жұмыстарының қауіпсіздік ережелерін бұзу) сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп хабарлады ІІД-ден.

Полицейлер анықтағандай, қабырғаның құлауы жабынды плитаның үстінде құрылыс материалдарының шамадан тыс болуынан орын алған. «Жүкті арту-түсіру жұмыстарына жауапты құрылыс нысанының басшысы, 1970 жылы туған Қазақстан азаматы,  ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталып, ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына жеткізілді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүруде», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Еске салайық, бүгін елордада құрылыс нысанында жабынды плитаның және қабырғаның опырылып құлауы салдарынан екі адам мерт болды, үшінші жұмысшы ауруханаға жеткізілді. Қайғылы оқиға Сарыарқа ауданындағы Алаш көшесінде бой көтеріп жатқан құрылыс нысанында сағат 11.56-да болды. 

Соңғы жаңалықтар