Астанада құтқарушылар 30 метр биіктіктегі көпірден ер адамды құтқарды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ТЖМ құтқарушылары «Қараөткел» көпірінің доғасына шыққан ер адамды қауіпсіз жерге түсіріп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.
Ведомствоның мәліметінше, Сарыарқа ауданында полиция қызметкерлеріне көмек көрсету қажеттігі туралы ақпарат келіп түскен.
— Ер адам «Қараөткел» көпірінің доғасына шығып, шамамен 30 метр биіктікте болған. Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілді. Жедел іс-қимыл барысында құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтарды пайдаланып, ер адамды биіктіктен қауіпсіз түсірді. Ер адам құтқарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматыда құтқарушылар тауда жарақаттанған туристке көмек көрсеткенін жазған едік.