Астанада күйші-композитор Нұрымбай Сүлейменұлының шығармашылығына арналған кеш өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 27 қыркүйекте Астанада Іле–Алтай–Тарбағатай күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілі, күйші-композитор Нұрымбай Сүлейменұлының шығармашылығына арналған «Қайран әке» музыкалық кеші өтеді.

Астанада күйші-композитор Нұрымбай Сүлейменұлының шығармашылығына арналған кеш өтеді
Фото: Думан Бәзілжанұлының жеке архивінен

Кеш сағат 18:00–де Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Камералық залында ұйымдастырылады. Бағдарламада Нұрымбай Сүлейменұлының таңдаулы күйлері орындалып, оның шығармашылық мұрасы мен орындаушылық дәстүрі насихатталады.

Нұрымбай Сүлейменұлы
Фото: Kazinform

Концертке «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының өнерпаздары, сондай-ақ күйші-композитордың ұрпақтары қатысады. Бір сахнада бас қосатын өнерпаздар Нұрымбай Сүлейменұлының күйлерін орындап, дәстүрлі күй өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді.

Нұрымбай Сүлейменұлы Іле, Алтай және Тарбағатай өңірлеріне тән күйшілік мектептің орындаушылық ерекшелігін сақтап, оны кейінгі буынға жеткізген күйші ретінде белгілі. Оның шығармаларында туған жерге деген сағыныш, елдік рух, ұлттық болмыс, адамгершілік пен ұрпақ тәрбиесі тақырыптары көрініс тапқан.

Нұрымбай Сүлейменұлының шығармашылығында «Қайран әке» күйі ерекше орын алады. Күйші-композитордың әкесі Сүлейменнің тағдыры осы туындының дүниеге келуіне арқау болған.

Нұрымбай Сүлейменұлы
Фото: Думан Бәзілжанұлының жеке архивінен

Айта кетейік, Нұрымбай Сүлейменұлы — 1956 жылы қараша айында Қытайдың Іле аймағындағы Текес ауданына қарасты Қарадала ауылында дүниеге келген. Әкесі Сүлеймен діни медреседе білім алған, сауатты, көзі ашық адам болған. Сондай-ақ, ол жастайынан қара қурай сыбызғысын жанынан тастамай, ықылымның үнін аулаған күйші де болыпты. Ал шешесі Жамалқан өлеңшіл, әнші, сөзге ділмар адам екен. Осындай ортада өскен Нұрымбай бала кезінен-ақ, әкесінің күйлерін тыңдап, көңіліне тоқып өседі. Сол кішкентай кезінде-ақ, қара домбыраның құлағына жармасып, әкесінің сыбызғыда орындаған күйлерін домбыраға көшіруге әуестене бастайды. Осылай басталған қызығушылық Нұрымбайды үлкен күйшілік жолға жетелейді.

Сол дәуірдегі айналасына танымал Мұқаметжан, Жабықай, Шамғұын сынды айтулы күйшілердің алдын көріп, батасын алады. Бала күйші Нұрымбай жасөспірім кездің өзінде халық күйлерін нақышына келтіре орындап ел ықыласына бөленген. Осындай қастерлі өнерге қанаттанып жүргенде әкесі Сүлеймен 1972 жылы «Мәдениет зор төңкерісінің» салдарынан дүниеден озады. Әкесінен жастай айырылу күйшіге аса ауыр соққы болып тиеді. Кейін бала жүрегінде ұзақ сақталған осы қасірет — мұңлы «Қайран әке» күйі болып өмірге келеді. Осы күйімен көпшілікке танылған Нұрымбай Сүлейменұлы одан кейінде тыңдаушының құлақ құрышын қандырған көптеген күй шығарды. Атап айтқанда, «Қарт толғауы», «Дала сыры», «Ыстық ұя», «Атамекен», «Қос ағама», «Таңжарыққа арнау», «Шашау», «Текес толқыны» және «Бейжіңгер» сынды 60-тан астам күйі кеңінен орындалып жүр. Сонымен қатар «Қаражоным», «Гүл үздім саған арнап», «Ілем менің» қатарлы жиырмаға жуық ән жазған.

Композитор, музыкант Құрманжан Зікірияұлының айтуынша, Нұрымбай Сүлейменұлы — негізінен шертпе күй дәстүрін ұстанған күйші. Оның шығармашылығының ауқымы өте кең, формасы жағынан бір жүйеге түскен кесек туындылар. Ол домбыраның аспаптық музыкадағы орнын жоғарылату, домбыраның әуендік саздарын құбылта түсуде өзіндік дәстүр қалыптастырып, көптеген құнды күй шығарды. Күйлері атына заты сай қуатты. Қоғамдық өмір мен табиғат дүниесіндегі құбылыстарды домбыраның қос ішегі арқылы бейнеленеді. Нұрымбай күйлерінің мазмұны бай, толғамы терең, әуен-сазы мұңлы болып келеді.

Нұрымбай Сүлейменұлы 2006 жылы Шыңжаң Халық үкіметі тарапынан «Халық композиторы» деген құрметті атқа ие болады. 2004 жылы орталық «Ұлттар» баспасынан «Қайран әке» атты ән-күй жинағы күй табағымен бірге баспадан шыққан.

Еске сала кетейік, Қытайдағы қазақтар арасынан шыққан белгілі күйші, көпке «Қайран әке» күйімен кеңінен танылған Нұрымбай Сүлейменұлы 2025 жылдың желтоқсан айында дүние салған еді.