Астанада күзде әскерге шақырылған сарбаздар Ұлттық ұланға аттанды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы жинау пунктінде 35 астаналықты әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Азаматтар Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан бөлімдерінде әскери қызмет өткереді.

Астанада күзде әскерге шақырылған сарбаздар Ұлттық ұланға аттанды
Фото: Ұлттық ұлан

Оларды шығарып салуға елорда әкімдігінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның өкілдері, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Әскерге алынған азаматтарға бұл күн ерекше болды. Алда әскери ұжым, жауынгерлік даярлық, жауапкершілік пен жаңа міндеттер тұр. Мұның бәрі олардың өмірінің маңызды бөлігіне айналары сөзсіз.

а
Фото: Ұлттық ұлан

— Бүгін сендер ересек өмірге маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери қызмет сендерді сабырлылыққа, тәртіпке және бір-біріңе қолдау көрсетуге үйретеді. Әскери форманы абыроймен киіп, командирлерің мен қаруластарыңды құрметтеңдер. Әскери міндеттеріңді адал атқарыңдар. Әрқайсың Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеп, үйге шыңдалып, есейіп, жаңа өмірлік тәжірибе жинақтап, аман-есен оралуларыңа тілектеспін, — деді әскерге жаңа алынғандарға арнаған сөзінде Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.

Әскери қызметке аттанғандардың қатарында Бисен Алимат та бар. Бисен үшін әскерге бару — жаңа білім алып, әскери мамандықты меңгеруге және өмірдің маңызды мектебінен өтуге мүмкіндік.

Астанада күзде әскерге шақырылған сарбаздар Ұлттық ұланға аттанды
Фото: Ұлттық ұлан

— Бұл қадам — мен үшін әрине, өте жауапты қадам. Дегенмен, осы жолдан өтуге дайынмын. Әскери мамандықты меңгеріп, тәртіпті әрі шыңдалған азамат болғым келеді. Жақсы достар тапқым келеді. Ең бастысы — Отаным мен отбасым алдындағы әскери борышымды абыроймен өтеу, — деді ол.

Әскерге шақырылушының анасы Гүлмира Сәрсеноваға да бұл күн ерекше әсерге толы күн болды.

Астанада күзде әскерге шақырылған сарбаздар Ұлттық ұланға аттанды
Фото: Ұлттық ұлан

— Әр анаға әскерге ұлын шығарып салу оңай емес. Дегенмен мен бүгін ұлыма мақтанышпен қарап тұрмын. Әскери қызметін жақсы өткеріп, мықты әрі жауапты азамат болып оралуына тілектеспін. Ең бастысы — денсаулығын сақтап, үйде оны жақсы көретін және әрдайым күтетін жандар бар екенін ұмытпасын, — деді Г. Сәрсенова.

Іс-шара соңында Ұлттық ұланның әскери оркестрі мен ансамблі әскерге шақырылушылардың, олардың туған-туыстары мен қонақтардың алдында өнер көрсетті.

Еске салсақ, биыл күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Астанадан Қарулы күштер қатарына 1400 азамат шақырылады.

Бұдан бұрын әлеуметтік желідегі видео шымкенттік барабаншыны Ұлттық ұланға алып келгенін жазғанбыз.