Астанада қызметке қосымша тартылатын полицейлер қылмыстылық мәселесін шеше ала ма?
«Жалпы еліміз бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу жұмыстарының көрсеткіші жақсарды. Жасөспірімдер жасайтын қылмыс мәселесі өзекті болып отыр. Жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 900-ге тарта қылмыс жасалған», - деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі бүгінгі брифингте ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Бұдан кейін министр мырза жолдағы қауіпсіздік мәселесіне ойысып, жүргізушілерді оқытатын кейбір ұйымдардың жұмысына наразылық бар екенін атап өтті. Енді бұлардың қызметі бағаланатын көрінеді. Егер жүргізушілік куәлікке сынақтан өте алмау, жол ережесін жиі бұзушылықтар бойынша проблемалар орын алған жағдайда, онда осындай ұйымдардың лицензиясын сот арқылы қайтарып алу іс-қимылдары жасалмақ.
Сонымен Қалмұханбет Қасымов жүргізушілер полиция қызметкерімен арадағы әңгімені бейне таспаға түсіре алатынын айтты. Атап айтқанда, бүгінде ғаламторда полиция қызметкері тоқтатқаннан кейінгі жағдайды жүргізушілер таспаға жазып, оны кейіннен әлеуметтік желілерде тарату үрдісі кеңінен жайылған. Бұндай жағдайларда жүргізушінің таспаға басып жатқан әрекетіне полицейлер қарсылық танытып жатады.
Брифинг барысында «жүргізушілер полицеймен арадағы әңгімені ұялы телефонға жаза ала ма?» деген тілшілердің сауалына Қ. Қасымов бұндай әркетке тыйым салынбайтындығын атап өтті. «Неге болмайды? Жазсын. Ешкім ешқандай тыйым салмайды. Алайда, біздің қызметкерлерге бұл тек прокурордың санкциясымен рұқсат етіледі», - деді министр.
Айтпақшы, Астанада қауіпсіздік үшін полицейлердің саны едәуір артатын болды. Бұл бағыттағы жұмыстар бірінші кезекте елордадағы қылмыстылықты төмендетуге бағытталуда.
«Таяуда мен Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Астана бойынша жағдай туралы баяндап бердім. Президент жедел-тергеу қызметтерінің санын арттыру тұрғысында республикалық бюджет есебінен 1300 адамды қабылдауды бекітті. Қала әкімі жергілікті бюджет есебінен полиция қызметкерлерін арттыру шешімін қабылдады. Олардың қатарында шолғыншы полиция мен учаскелік инспекторлар және басқалары бар. 7-8 айдың ішінде немесе бір жылда біз бұл адамдардың барлығын қабылдаймыз», - деді министр.
Белгілі болғандай, қыркүйекте Астана маңында әскери қалашықтың құрылысы аяқталады. Онда елордада қызметін атқаратын 2,5 мың мерзімді сарбаздар орналасады. Осы орайда сарбаздар қаладағы тағы 500 бағдарды қамтитын болады. Бұл тұрғыдағы шаралар қала көшелеріндегі бұзақылықты айтарлықтай төмендетеді дегенді білдіреді. Себебі, соңғы жылдары елордаға келетін туристер санының артуын ескерсек, қала тұрғындары мен меймандарының қауіпсіздігі басты назарда болуы маңызды.
Атап айтқанда, өткен аптаның соңында елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе бойынша нақты тапсырма берген болатын.
«Біз ішкі істер органдарының, жергілікті биліктің бірлескен күш-жігерімен Астананы адамдар үшін қауіпсіз қалаға айналдыруға келіскен болатынбыз. Бүгінде Қазақстан бойынша қаладағы қылмыстық ең жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Неге осылай болды? Былтыр қылмыс көлемі 53 пайызға өсті, оның ішінде ауыр қылмыстар екі есеге өскен. Қылмыстардың ашылуы 36 пайыз деңгейінде», - деп тоқталды Елбасы.
Өз кезегінде Астанада ІІБ басшысы Амантай Әубәкіров былтырғы жылы - 59 мың, ал биылғы бірінші тоқсанда - 28 мың құқықбұзушылық анықталғанын жеткізді, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстардың бетін ашу деңгейі жақсарғанын алға тартты.
Полицейлердің уәжіне қарағанда, қаладағы қылмыстылықтың елеулі пайызы сырттан келгендерге тиесілі. Яғни, қылмыстың жартысынан астамын шеттен келгендер жасайды. Осы бағытта қазіргі кезде тиісті шаралар атқарылып жатыр.
«Дегенмен де бұл шаралар жеткіліксіз. Жұмысты жалғастырыңыздар. Қала адам өмірі үшін қауіпсіз болуы тиіс», - деп тапсырған болатын Президент жиын барысында.
Осы орайда министр Қасымовтың айтуынша, Астана тұрғындарына шаққанда полицейлер жетіспейді, сондықтан елордада қылмыс көлемі өсуде. «Біздің Астанадағы күштеріміз 240 мың адамға есептелген. Соңғы санаққа қарағанда елорданың халқы 810 мыңға дейін артқан. Яғни, қала үш есеге жуық көрсеткішке өскен, ал біз тек 240 мың адамды қамтып отырмыз», - деді Қ. Қасымов.
Ал бір жылдың ішінде Астанада полиция қызметкерлері көбейген жағдайда, қаланы қамту деңгейі едәуір артып қалмақ.
Айта кетейік, брифинг барысында министр Солтүстік Қазақстан облысы қаржы полициясы басшысының бірінші орынбасары Жандос Ахметовті өлтіру фактісі бойынша полиция үш адамды қамауға алғанын хабардар етті. Өткен жылғы 24 желтоқсан күні шамамен 20:00 кезінде Петропавлда Юбилейная көшесінің бойында өз үйінің кіреберісіндегі баспалдақта белгісіз біреудің қолынан мерт болған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысы бірінші орынбасарының мәйіті табылды. Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 96-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды
«Қаржы полициясы бірінші орынбасарының өліміне байланысты бүгінде осы іс бойынша үш адам тұтқындалды. Негізгі киллер, екі арадағы тапсырыс беруші және қару ұсынған күдіктілер. Осы іс бойынша қалған мәселелер соттан кейін белгілі болады», - деді министр.