Астанада Л.Гумилевке ескерткіш орнатылады

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 10-11 қазан күндері аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Л.Н.Гумилев мұралары және қазіргі Еуразиялық ынтымақтастық» атты тақырыпта ІХ Халықаралық Еуразиялық ғылыми  форум өтеді.
None
None

Форумның негізгі мақсаты: Л.Н.Гумилев мұраларына жаңашыл көзқараспен қарап, интеллектулды тұрғыдан баға беру және әртүрлі пікір туғызып жүрген мәселелерді  атақты ғалымдардың  талқысына салу, пікірталас тудыру арқылы Еуразиялық идея Еуразия халқының интеграциялық баспалдақтарының негізі екенін бүкіл әлемге паш ету. Ғалымдар пленарлық мәжіліске қатысып,  5 секция бойынша жұмыс жүргізбек. Негізгі тақырыбы - Еуразиядағы көшпенділердің дамуы: тарихы мен мәдениеті; Еуразия халқының шығу тегі мен тарихының проблемалары және ғалым мұраларының  ғылыми зерттелуі; Лев Гумилев мұралары: психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік-философиялық аспектілер; еуразиялық интеграцияның болашағы мен қазіргі деңгейі.

Сондай-ақ белгілі ғалымдардың қатысуымен семинар, «дөңгелек үстел», шеберлік сабақтар ұйымдастырылады. Онда «Л.Н.Гумилев  мұралары: аңыз бен ақиқат», «Еуразиялық идея және жаҺандану жаңғырығы» тақырыбы кеңінен қозғалады.

Белгілі ғалым, тарихшы-этнолог, тарих және география ғылымдарының докторы, ақын, аудармашы Лев Гумилевтің туғанына 100 жыл толуына орай  Еуразия ұлттық  университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың жетекшілігімен  топтама кітаптар сериясы жарыққа шықты. Көтерген мәселесі мен  тақырыбы сан алуан: әсіресе  «Гумилев әлемі» айдарымен  жарық көрген «Лев Гумилев» энциклопедиясы, «Нұрсұлтан Назарбаев  және Еуразияшылдық», «Л.Н.Гумилев  және Түркі әлемінің қайта түлеуі», «Еуразиялық Лев», «Л.Н.Гумилевтің ғылыми мұралары»,  «Еуразияшылдықтың бастауы», «Л.Н.Гумилев шәкірттері», «Еуразияшылдық идея: Ежелгі Қытай және Түркі әлемі» сынды  кітаптарда, еуразияшылдық және түркі әлемі жайлы белгілі ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу еңбектері мен сараптамалық- талдау шығармалары жан- жақты берілді.

Лев Гумилевтің біздің елге жақындығын екі түрлі себеппен түсіндіруге болады: біріншіден, ғалым өмірінің ауыр бір кезеңін (КарЛаг) Қазақстан жерінде өткізгені, екіншіден, әлем тарихында аз зерттелген б.д. ҮІ-ҮІІІ ғасырларын, Ұлы түрік қағанатының құрылуы және гүлденуімен тұспа-тұс келетін кезеңін алғаш зерттеушілердің бірі. Оның еуразиялық идеялары кең қанат жайып, Қазақстан ғалымдары мен саясаткерлері тарапынын жоғары бағаға, үлкен құрметке ие болды. Еуразия аймағындағы этностардың маңыздылығын көрсеткендердің бірі болған ол тарихтың Шығыс және Батыс делініп жүрген екі бағытта ғана емес, Ұлы далада да дамығандығын дәлелдеп берді. Лев Николаевичтің өз жұмыстарында көшпенді халықтарда толыққанды мәдениет пен өркениет болды деп есептеуі - отандық ғылым үшін түбегейлі маңызды факт.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты дұрыс әрі өміршең екендігін қазіргі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр:  жақында ғана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің делегациясы  ұлы ғалымның 100 жылдық мерейтойына арналған Санкт-Петербор қаласындағы халықаралық конгреске қатысып қайтты. Ал ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Бас хатшысы Алексей Сергеевтің «Гумилев әлемі» сериясымен шыққан Гумилев энциклопедиясының  алғашқы данасын Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа  сыйға тартуы зор құрметтің белгісі.

Тағы бір айта кететін мәселе: Л.Н.Гумилевтің 100 жылдығына орай  шара барысында университет ауласынан ұлы ғалымның ескерткіші бой көтермекші.

Соңғы жаңалықтар