Астанада латын әліпбиімен жазылған көне кітаптардың көрмесі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы» ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп, Астанадағы «MEGA Silk Way» ғимаратында 1929-1940 жылдары латын әліпбиімен жазылған кітаптардың көрмесін өткізді. Аталған шара «Men qoldaimyn» атты тақырыппен кириллица негізіндегі қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіруге қолдау білдіру мақсатында өткізіліп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Көрмеге өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы қазақ және орыс зиялы қауым өкілдерінің латын әліпбиінде жазылған 100-ге жуық кітабы қойылған. Олардың арасында А. Құнанбайұлының, І. Жансүгіровтың, С. Торайғыровтың, Б. Майлиннің кітаптары, М.Әуезовтың «Тас түлек» кітабы, С. Кеңесбаевтың «Әліппесі», Қ. Бекхожиннің «Әдебиеттік оқу кітабы», А. Кабановтың «Анатомиясы», орыс жазушылары мен түрлі ғылым өкілдерінің қазақ тіліне аударылған оқулықтары бар.

«Ілгері дамып кеткен Түркияның тарихындағы реформалар кезеңінде түріктер ең алдымен латын әліпбиіне көшуді қолға алды. Сол қатарлы өзгерісті енгізгеннен кейін Түркия ірі мемлекетке айналып отыр. 1929-1940 жылдары Қазақ КСР-да латын әліпбиінде оқулықтар да, әдеби кітаптар да болған. Мұның бәрі тарихымызда бар дүние. Бүгінгі таңда Елбасы ұсыныс жолдап, алдағы он жылда Қазақстанда латын әліпбиіне эволюциялық жолмен көшу көзделіп отыр. Әлбетте, бастапқы кезеңде қиыншылықтар болуы мүмкін. 2007 жылдан бері латын әліпбиіне өтіп кеткен мемлекеттердің тәжірибесі зерттеліп келеді. Болашақты ойласақ, латын әліпбиіне көшуіміз керек. Бұл көрме арқылы халқымызға латын әліпбиі бөтен емес екенін көрсете аламыз деген ойдамын», - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Камал Бурханов.

Ұлттық академиялық кітапханада қазіргі уақытта өткен ғасырдың 30-40 жылдары жазылған 1000-ға жуық кітап сақталған. Олар кітапхананың ерекше қорына енгізілген. Яғни, бұл кітаптарға рұқсатсыз екінің бірінің қолы жете бермейді.

Көрмеде сөз сөйлеген «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы» кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев көрменің кешке дейін жалғасатынын айтып, өңірлерде осы мазмұндас шараларды өткізуге шақыратынын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар