Астанада латын графикасына көшуге негізделген ІТ-жобалар таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» атты ІТ-жобалардың тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Шара барысында ҚР МСМ Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығы латын негізді қазақ әліпбиін үйретуге бағытталған заманауи инновациялық технологиялар ұсынды. Қонақтар мен қатысушыларға веб-порталдар мен платформалар, мобильді қосымшалар, іздестіру жүйелері, сондай-ақ анимациялық фильмдер, энциклопедиялық, танымдық, әдістемелік және анықтамалық веб-сервистер таныстырылды.

«Биыл Елбасының Жарлығымен Жастар жылы жарияланғанын білесіздер. Осыған орайда қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудегі күрделі әрі жауапты жұмыстарды жастардың ақпараттық технологияларды тезірек меңгеруіне байланысты іске асырудамыз. Бұл ретте іргелі жобалар көпшілік назарына ұсынылып отыр. Qazlatyn жобасында көпфунционалды конвертер жасақталды. Ол кәсіби деңгейдегі конвертер екенін атап өткен жөн. Осы арқылы кириллицадан латын қарпіне аудару, сонымен бірге төте жазу бойынша барлық мүмкіндіктер бар», - деді Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев.

Таныстырылым барысында Qazlatyn.kz порталы арқылы «Абай жолы» романы онлайн конвертер жүйесінде кириллицадан латын қарпіне 6 секундтың ішінде көшірілді.

Атап айтқанда, «Qazlatyn.kz ұлттық порталы пайдаланушыларға латын графикасына көшу кезеңдері жөнінде барлық мәліметтер мен ақпараттарды ұсынады. Порталдағы қазақ әліпбиінің емле ережесі бойынша дайындалған көпфункционалды конвертер мәтінді кириллден латынға, төте жазуға және керісінше аудару қызметтерін атқарады.

Бұдан бөлек, машиналық оқыту негізінде мемлекеттік тілді үйретуге арналған «Tilqural.kz веб-сервисі және қазақ тіліндегі 300 мыңнан астам сөздердің сипаттамасын көрсететін электронды «Sozdikqor.kz іздеу жүйесі ғаламтор кеңістігіне қосылды.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Бейсенбай аталған жобалардың мыңыздылығы туралы айтып берді.

«Таныстырылған жобалар біздің белгілі ғалымдардың атсалысуы арқылы жастардың қолымен жүзеге асырылды. Қазіргі кезде Qazlatyn.kz пен Tilqural.kz өте тиімді порталдардың бірі болып отыр. Аталған конвертердің ерекшелігіне тоқталсақ, онда қазақ тілінің емле ережесі түгелдей сақталған. Бүгінде мобильдік құралдарды кеңінен пайдаланып жүрміз. Сондықтан осы жүзеге асырылған жобалар мобильдік қосымшалармен қамтамасыз етілгендіктен, тіл үйренемін дегендерге барлық мүмкіндік жасалған», - деді Ардақ Бейсенбай.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, 3 D форматта әзірленген «IQdos» мультфильмі мен латын әліпбиінде титр жасалып, дубляждалған «Селтең сері» анимациялық фильмі балаларға жаңа қазақ әліпбиін жылдам үйренуге мүмкіндік береді.

«Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты электрондық алаң қазақ тілінің терминологиялық базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жобалар көпшіліктің жаңа әліпбиді тез әрі тиімді меңгеруіне оң ықпал етеді.

Айта кетейік, бүгінгі шара барысында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тұлғалық энциклопедиясы, сондай-ақ Е.Омарұлы, Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев сынды ғылым қайраткерлерінің ғылыми-танымдық еңбектері, Ә.Жүнісбектің «Қазақ тіл білімінің мәселелері», З.Күзекованың қазақ тілін оқытуға арналған деңгейлік оқулықтары, белгілі полиглот Д.Петровтың әдістемесімен қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған оқу құралдары таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар