Астанада «Литва өнері» атты балтық суретшілерінің топтық көрмесі ашылды

Онда Клаудиус Петрулис, Юрате Миколайтите және Алюс Берденковастың суреттері мен мүсіндері ұсынылған. Көрмені Литва Республикасы мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығына орай Литва Елшілігінің қолдауымен «Арткомас» Арт-орталығы өткізуде.
«Біз Литваның қазіргі өнері мен мәдениетін көрсеткіміз келді. Сондықтан біз еліміздің жетекші суретшілері: Клаудиус Петрулистің, Юрате Миколайтитенің және мүсінші Алюс Берденковастың туындыларын ұсынуды жөн көрдік», - дейді литвалық өнертанушы, визуалды өнер сараптамашысы, «Арткомас» Арт-орталығының директоры Олегас Дарчановас.
Оның айтуынша, Литва өнері көрмесі Астанада 1 қарашаға дейін жалғасады.
«Кез келген қазақстандық аталмыш көрмеге келіп, Литва өнерпаздарының қазіргі бағытын, олардың немен өмір сүретінін біле алады. Мұнда 5 мүсін мен 20-дан астам сурет қойылып отыр», - деп атап өтті О. Дарчановас.