18:46, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Астанада «Лоббилау туралы» заң жобасы таныстырылған дөңгелек үстел өтті
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада «Лоббилау: перспективасы, проблемалары және даму жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оның барысында «Лоббилау туралы» заң жобасының таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Әділет министрлігі Заңнама институты басқармасының бастығы Сұлтан Әлімжановтың айтуынша, «Лоббилау туралы» заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибені, оның ішінде негізінен АҚШ, Германия және Франция елдерінің заңнамаларын зерттеуге баса мән берілген. Нәтижесінде Қазақстанды лоббилауды тек Парламент деңгейінде, яғни биліктің заңнамалық тармағында жүргізу қажет деген тоқтам жасалған. Қазақстандық қоғамның қазіргі келбеті биліктің атқарушы органдарында лоббилауды жүргізуге әзір еместігін көрсеткен. «Неге біз биліктің заң шығарушы тармағында лоббилауды регламенттеу мүмкіндігіне және рұқсат етуге тоқтадық? Себебі, биліктің заң шығарушы тармағы жемқорлыққа мейлінше аз бейімделген болып саналады», - деді С. Әлімжанов. С. Әлімжанов заң жобасы бойынша заңды тұлғалар да, жеке тұлғалар да лоббистер бола алатынын айтты. «Біз осылайша лоббизмнің кәсібиленуіне және кәсіби лоббистердің нақты ұйымға бірігуіне мүмкіндік береміз. Олар қандай да бір заң жобаларын Парламент Мәжілісіне шығарып, оны кәсіби негізде талқылауға ұсынатын болады. Себебі, бір ғана лоббистің заң жобасының мазмұны қандай, мақсаты не деген сұрақтарды депутаттардың назарына ылғи да сауатты жеткізе алуы қиын»,- дейді ол. Бұдан бөлек С. Әлімжанов заң жобасында лоббилауға қатысты үш негізгі шектеу барын атап өтті. «Оның біріншісі ? лоббилік қызметті лицензиялау. Лоббизм айтарлықтай дамымаған, лоббизмді кәсібилендіру үшін алғышарттарды құру қажет қазіргі кезеңде біз белгілі бір кезеңге дейін лицензиялау болуы тиіс деп санаймыз», - деді ол. «Лоббилық қызметке қатысты екінші шектеу нормасы бұл ? уәкілетті органға есептілігі. Біздің көзқарасымызша, Әділет министрлігі уәкілетті орган болады. Бұл қандай да бір әкімшілік кедергі емес. АҚШ-тың тәжірибесі бойынша лоббистер алты айда бір мәрте тұрақты түрде уәкілетті органға есеп беріп тұрады», - деп қосты С. Әлімжанов. Оның айтуынша, соңғы шектеу нормасы лоббистерді Парламентте аккредитациялауға қатысты. Бұл бойынша лоббист депутаттармен кездесу құқығын алып, оларға заң жобасының ережелерін түсіндіру үшін Парламенттен аккредитациядан өтуі тиіс. «Бұл қосымша әкімшілік кедергі болып табылмайды. Өйткені аккредитацияға қатысты лоббистке қойылатын талап айтарлықтай жеңіл», - деді ол. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасының тағы бір ерекшелігі мынада: жобада лоббистің қандай да бір заң жобасын әзірлеу арқылы жылжыта алатын мәселелерінің шеңбері бірден шектелген. Заң жобасының 5-ші бабында бірқатар шектеулер қарастырылған. Ол бойынша лоббистердің заңнамалық актілерді лоббилауға құқықтары жоқ. «Мәселен, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырудағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттеумен, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, сот құрылысы және сот өндірісімен, республикалық бюджетпен, әкімшілік-аумақтық құрылыммен байланысты жобаларды лоббилеуге тыйым салынады», - деді С. Әлімжанов. Оның айтуынша, келесі шектеу шетелдік лоббистерге Қазақстан аумағында қызмет жасауға тыйым салуды қарастырады. Яғни, тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана лоббистер бола алады. С. Әлімжанов сонымен қатар, заң жобасында лоббистердің міндеттеріне қатысты да ережелер қамтылғанын айтты. «Біздің ойымызша, бұл заң жобасының қабылдануы іс-шаралар жоспарын қарастыруды қажет етеді. Оның барысында лоббилік қызметтің мәні мен маңызы түсіндіріледі. Лоббилау жемқорлықтың синонимі емес. Заңнамалық деңгейде лоббилаудың регламенттелуі жемқорлыққа қарсы тұратын қадамдардың бірі болып табылады», - деді С. Әлімжанов.