Астанада ломбардқа шабуыл жасаған адамға қатысты «Кепілге алу» бабымен соталды тергеу басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада М-Ломбардқа тонамақ болып шабуыл жасаған адамға қатысты екі бап бойынша сот алдындағы тергеу басталды. «Қарақшылық» бабына «Кепілге алу» бабы қосылды. «Бүгінгі оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша: «Қарақшылық» - 192-бап және «Кепілге алу» - 261-бап соталды тергеу басталды», деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Астана ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова.

Астанада ломбардқа шабуыл жасаған адамға қатысты «Кепілге алу» бабымен соталды тергеу басталды

«Ломбардқа қарақшылық жасамақ болған адам ғимараттан шығарылды. Қазіргі кезде тиісті шаралардың аясында оны тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді С. Қылышбекова.

Аталған ломбардтың екі қызметкері аман-есен босатылды. Атап айтқанда, 2,5 сағат келіссөздер жүргізілді, күдікті полицияға қарсылық көрсеткен жоқ. Жалпы ешкім де зардап шекпеді.

Оның сөзіне қарағанда, ломбардқа мүліктік зақым келген жоқ. Күдіктімен арадағы келіссөздер телефон арқылы жүргізілген көрінеді.

Еске сала кетейік, бүгін Кенесары көшесінде «Спутник»  дүкені ауданында орналасқан «М-Ломбардты» тонауға әрекет жасалды. Ішке басып кіру кезінде дабыл тетігі іске қосылып, есік автоматты түрде құлыпталып, іште күдікті және екі ломбард қызметкері қамалып қалды. Аталған ломбардта күзетші болмаған, яғни ғимараттың дабыл белгісі қашықтан күзет фирмасына қосылған екен.

Жедел іс-шараларға қаланың барлық шұғыл қызметтері тартылды. Шара ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуовтің басшылығымен жүргізілді. Қарақшы арнайы қызметтер жауынгерлері ғимараттың ішіне кіргеннен кейін ұсталды. 

Нақтыланған мәліметтер  бойынша, күдікті 1974 жылғы Астана тұрғыны. Операция жүргізу барысында ұсталған адамнан пневматикалық қару тәркіленіп, баллистикалық сараптамаға жіберілді. 

null