Астанада Марокко Елшілігі ашылады

Онда қазақстандық делегацияға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов, ал марокколық тарапқа Корольдіктің Сыртқы істер және ынтымақтастық министрлігінің делегат-министрі Насер Бурита жетекшілік етті. Кеңес барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері талқыланды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесу барысында Қазақстанның толыққанды және көпбағытты қарым-қатынасты дамытуға деген ұмтылысын ескере отырып, Корольдік алдағы уақытта Астана қаласында өздерінің Елшілігін ашу туралы саяси шешім қабылдағаны мәлім болды. Сонымен қатар, Марокка Қазақстанның 2017-2018 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдайтынын тағы да нақтылады. Ресми Рабат Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысу туралы да шешімін қуаттады.
Осыларды айта келе Корольдік өкілі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілетудегі күш-жігерін жоғары бағалады. Бұдан бөлек, тараптар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына Марокконың қосылуына байланысты жұмыстарды жалғастыру туралы уағдаласты. Сонымен қатар, кездесу барысында халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер туралы әңгіме өрбіп, Қазақстан мен Марокконың халықаралық терроризммен күрестегі өзара іс-қимылына назар аударылды. Бұл ретте тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар мен құрылымдар бойынша екі елдің ұстанымдарын үйлестірудің маңыздылығына тоқталды.
«Марокко Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың былтырғы жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында БҰҰ терроризмге қарсы коалициясын құру туралы көтерген бастамасын толық қолдайды. Корольдік өкілдері осы бастаманы БҰҰ аясындағы «Терроризммен күрес жөніндегі достастық тобы» және «Жаһандық терроризмге қарсы форум» аясында ілгерілетуге әзір екендіктерін мәлімдеді», - делінген баспасөз баянында.
Екіжақты сауда-экономикалық байланысты дамыту мәселесін талқылау барысында перспективалық бағыттар ретінде жаңартылатын энергия, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, туризм салалары аталып өтілді. Бұл салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру, инвестицияларды өзара ынталандыру бағытында уағдаластықтар жасалды. Осыған байланысты қазақстандық делегация елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бадарламасы және Бес институттық реформа тақырыптарын тереңірек таныстырды.
Ал мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты белсенді ете түсу үшін жоғару оқу орындары арасындағы байланыстарды ынталандыру, Қазақстан мен Мароккодағы фестивальдарға, шаралар менк өрмелерге шығармашылық топтарын қатыстыру секілді мәселелер сөз болды. Алдағы уақытта Қазақстан мен Марокконың дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына арналған Мәдени апталықтар да өтетін болып келісілді.