Астанада мас күйде көлік жүргізген судья ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада түнгі рейд кезінде полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған судьяны ұстады.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция рейд кезінде Mazda маркалы автокөлігін тоқтатып, жүргізушінің жағдайына күмән келтірген. Медициналық сараптама нәтижесінде әйелдің алкогольдік мас күйде болғаны дәлелденді.
Тексеру барысында жүргізушінің азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы екені анықталған. Қазір ол сараптамаға жіберіліп, автокөлігі айып тұрағына қойылды.
-Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылып, тексеру жүргізіліп жатыр. Көлікті мас күйінде басқару – заңның өрескел бұзылуы және айналадағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мұндай құқықбұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылады, – деп мәлімдеді Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты қызметтік тексеру басталды.
Құқық қорғау органдары атап өткендей, мас күйінде көлік басқару фактісі бойынша жауапкершілік барлық азаматтарға бірдей қолданылады – заң алдында ешкімнің артықшылығы жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Ұлытау облысы сот алқасының төрағасы пара алды деген күдікпен ұсталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз. Болжам бойынша, ол үшінші тұлға арқылы ірі соманы қолды қылған.