14:00, 31 Шілде 2019 | GMT +5
Астанада масамен күрес жұмыстары қалай жүргізіледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаз маусымы басталғалы масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстар белсенді жүргізілгенімен, елорда тұрғындарының шағымы азаяр емес. Осы орайда Есіл және Сарыарқа аудандарының әкімдіктері масамен күрес жұмыстары жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Есіл ауданының деректеріне сәйкес, күн сайын масаға қарсы шаралар жүргізілетін аумақтардың кестесі жасалады. Жалпы улау шаралары ауданда алты кезең бойынша жүргізіледі.
«Бастапқы кезең биыл 28 сәуір мен 15 мамыр аралығында өтті. Екінші кезең 28 мамырдан 19 маусымға дейін, ал үшіншісі – 20 маусымнан 16 шілдеге дейін жүргізілген. Төртінші кезең 17 шілдеде басталды және 16 тамызға дейін жалғасады. Улау жұмыстары «Есіл ауданының» барлық аумағында түнгі сағат 23:00-5:00 аралығында өтеді. Онда термогенераторлар мен роторлық бүріккіштер қолданылады», - делінген әкімдік хабарламасында.
Осылайша, күн сайын 2 энтомолог, моторлық-роторлық бүріккіші бар 22-28 дезинсектор, 4 арнайы техника, 2 газель, 1 жолаушылар автобусы және термогенераторлық құрылғылар жұмыс істейді. Техникалық сипаттамаға сәйкес, ай сайын шамамен 900 гектар, таяз су қоймалары бойынша – 210 га аумақта жұмыс жүргізілуі тиіс.
«Бір кезең шамамен 16-20 күнге созылады. Улау шараларын жүргізуде ауа райы жағдайы да ескеріледі. Жаңбыр, жел болғанда бұл жұмыс тоқтатылады, себебі дезинсекциялық жұмыстың тиімдігіне кері ықпал етеді. Жаңбыр препаратты шайып кетуі мүмкін», - дейді әкімдік.
Қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты Есіл ауданында 28-29 шілде күндері дезинсекция жұмыстары жүргізілмеген.
Өз кезегінде Сарыарқа ауданының әкімдігі масаға қарсы шараларды жүргізуде ауданды 12 секторға бөлгенін айтты. Олардың арасында Көктал 1, Көктал 2, Агроқалашық пен Қарттар үйінің аумағы да бар.
«2019 жылдың 17 шілдесінен бері масадан қорғау жұмыстарының төртінші кезеңі басталды. Есіл өзенінің бойымен «Рамстор» сауда орталығынан батысқа қарай, Республика даңғылы бойынша «Рамстор» сауда орталығынан Бөгенбай батыр даңғылына қарай, Бөгенбай батыр даңғылы бойынша Республика даңғылынан темір жолға дейінгі аумақ қамтылды. Жеңіс, Бөгенбай, Республика даңғылдарында, Есіл өзенінің жағалауында улау жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлады Сарыарқа ауданының әкімдігі.