Астанада мектеп бітіруші түлектердің «Елорда мақтанышы-2023» форумы өтті
Шара барысында алғаш болып сөз алған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың түлектерге арналған хатын оқып берді.
«Құрметті түлектер, баршаңызды «Елорда мақтаншы» форумының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған түлектер үшін айтулы оқиға. Сіздердің алдарыңыздан сан тарау жол, орсан зор мүмкіндіктер ашылады. Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді, еңбекқор, отаншыл болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды. Сіздер ұлы Абайдың пайда ойлама, ар ойла талап қыл артық білуге деген өсиетін берік ұстанасыздар деп сенемін. Сонда біз көпке ілесетін емес, көшті бастайтын ел боламыз», - делінген Мәулен Әшімбаев оқып берген Мемлекет басшысының хатында.



Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, 25 жылдың ішінде Астана бойынша 2300 түлек «Алтын белгіге» ие болған. Оның ішінде биыл 280 түлек «Алтын белгі» және 607 бала үздік аттестат алды.
«Бүгін сіздер үлкен өмірге қадам басып, ары қарай нық қадам жасайсыздар. Өздеріңіз секілді жігерлі, ақылды, білімді жастар алға қойған мақсаттарын орындап, үлкен жетістіктерге міндетті түрде қол жеткізеді.Біз сіздерді мақтанышпен «елорда түлектері» деп атаймыз. Қаламызда оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық жағдайлар жасалған. 25 жылдың ішінде 2300 түлек «Алтын белгі» төс белгісіне ие болды. Биылғы жылы 280 түлек «Алтын белгі» және 607 үздік аттестатымен марапатталып отыр. Бұл – ұстаздарыңыз бен өздеріңіздің еңбектеріңіздің жемісі деп білемін. Үлкен өмірдің жаңа парағын ашқалы отырған сіздерге асыл арман, таудай талап, кемел білім, жарқын болашақ тілеймін!», - деді Жеңіс Қасымбек.
9 500 ден астам үздік астаналық түлек қатысқан ауқымды шара концерттік бағдарламаға жалғасты.
















