Астанада мектеп тапшылығы болмас үшін жылына қанша нысан салу қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада соңғы жылдары 50-ден астам мектеп салынды. Оның 24-і Үкіметтің қолдауымен бой көтерсе, қалғаны жергілікті бюджет есебінен салынған. 

Атырау мектептеріндегі бейнебақылау жүйесіне ЖИ енгізіледі
Фото: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазіргі таңда қалада үш ауысымды мектеп жоқ, алайда бала санының артуына байланысты білім беру инфрақұрылымына түсетін жүктеме сақталып отыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

Қала әкімінің айтуынша, мектеп салу қарқыны халық санының өсуімен тікелей байланысты.

— Екі жыл бұрын біз жылына 24 мектеп салсақ, қазір 10-15 мектеп салып жатырмыз. Биыл бірінші сыныпқа баратын балалардың саны 34-35 мың болады. Келесі жылы 40 мыңнан асады деп күтіліп отыр. Ал мектеп бітіретіндердің саны 11-14 мың аралығында. Сондықтан кем дегенде 10-15 мектеп салу қажет. Бұл жерде мәселе тек қаржы мен құрылысқа байланысты емес. Кемінде 1500-2000 педагог қажет. Қаланың өсуіне байланысты осындай мәселелер туындай береді. Бір жағынан бұл үлкен мәселе болса, екінші жағынан мүмкіндік, — деді Жеңіс Қасымбек «Уәде» бағдарламасының 100-шығарылымында.

а
Фото: Дияр Бексұлтанов

Сонымен қатар ол елордада жаңа мектептердің қажеттілікке қарай салынатынын атап өтті.

— Нұра ауданында балалар саны өсіп, тапшылық байқалса, сол жерде көбірек мектеп саламыз. Алматы ауданында, Сарыарқа ауданында қажеттілік болса, сол аумақтарда да салынады. Бұл тек мектептерге ғана қатысты емес, жалпы ауруханалар, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарға да қатысты, — деді әкім.

а
Фото: Дияр Бексұлтанов

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 15 оқушылар сарайын салу міндеті тұрғанын, оның бесеуінің екеуі пайдалануға берілгенін және биыл тағы екеуі ашылатынын айтты.

Айта кетейік, осыған дейін Шығыс Қазақстан мектептеріне директорлар жетіспей жатқанын жазғанбыз. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде 48 білім ордасында басшы жоқ.