Астанада мереке күндері қоғамдық тәртіп бұзу фактілері тіркелген жоқ - ІІД
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада мереке күндері тыныш өтіп, ауыр қылмыстық фактілер тіркелген жоқ, деп хабарлайды Астана қаласының ІІД баспасөз қызметі.
Қала күнін тойлау кезеңінде полиция қызметкерлері жаппай іс-шаралар ұйымдастырылған жерлерде қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз етті. 4-8 шілдеде елордалық гарнизонның жеке құрамы екі ауысыммен күшейтілген тәртіпте қызмет етті. Астана күніне арналған жүзден артық шара кезінде күн сайын екі мыңнан астам Департамент қызметкері мен 300-ге жуық көлік жұмысқа тартылды. Аталған мерзімде қылмыс пен құқық бұзушылық туралы 547 хабарлама келіп түсті. Мереке күндері ауыр және аса ауыр қылмыстар жасалған жоқ. Түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 3 мыңға жуық хаттама толтырылды. Сондай-ақ, мереке күндері қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ, деп жазады astana.kz.