Астанада «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тұжырымдамасына қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар онда «Нұр Отан» партиясының Партиялық бақылау комитетінің Парламент Мәжілісінің босап қалған орындары бойынша мандаттарды тапсыру жөніндегі есебі тыңдалып, «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракциясының жаз мезгілінде атқарған жұмыстарына қатысты ақпараттар талқыланды. Бұған қоса мәжіліске қатысушылар «Бүркіт» қаржы- өндірістік корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің даму стратегиясына қатысты шараларды және өзге де бірқатар мәселелерді сөз етті.
Отырыста еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысты сөз қозғаған «Нұр Отан» партиясы Инновациялық комитеті төрағасының орынбасары Қанат Төлеметовтың айтуынша, аталмыш бағдарламаның мақсаты ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, оның мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады. «Алайда, бұл мәселе бойынша бүгінде бізде орын алған проблемалар баршылық. Айталық, бүгін біздің білім саламызды мінсіз деп айту қиын. Осыған орай кадр мәселесінің жайы да мәз емес. Бұл сала бойынша біз қазір Украина мен Ресейден кейін қалып отырмыз. Бір қуантатыны - бізде бұл мәселелердің шешілу жолдары бар. Олармен тек жүйелі түрде айналысу қажет», деді комитет төрағасы.
Оның сөзінше, Қазақстан қазір өзге елдердің арасында экономикалық даму жағынан көш бастап отыр. Бізге осы мүмкіндіктерімізді пайдаланып, елде қалыптасқан мәселелерді шешуге барынша күш салу қажет.