Астанада оқушылардың смартфонын тартып алып жүрген ер адам ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мектеп оқушыларына өзін полицей ретінде таныстырып, смартфондарып тартып алған ер адам ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Астанада оқушылардың смартфонын тартып алып жүрген ер адам ұсталды

«29 жастағы Астана тұрғыны ұсталды. ҚР ҚК 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.  Ол бұрын «кісі өлімі орын алған жол-көлік оқиғасы» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Айыпкер шартты түрде жазаланды», - деп хабарлады Астана ІІД баспасөз қызметінің басшысы Софья Қылышбекова.

Ол келтірген деректерге сүйенсек, Алматы ауданы бойынша телефон ұрлығы туралы 60-қа жуық шағым келіп түскен.

Астана тұрғыны Ерболат Шеркенов әлеуметтік желіге ұры болуы ықтимал ер адамның ұсталғанын хабарлады және фотосын жариялады. Оның айтуынша, ұры мектеп жанында балаларды торуылдап, өзін кәмелетке жасқа толмағандар ісі бойынша инспектормын деп таныстырған.

«Түрлі сылтаумен балалардың телефонын алады да, арқасындағы сөмкеге салып қояды», - деп жазды ол Facebook парақшасына.