Астанада Өңірлік экологиялық саммит басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орнықты болашаққа ортақ көзқарас» тақырыбымен Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) жұмысын бастады.
Іс-шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов келді.

ӨЭС жұмысы мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым басшыларының қатысуымен пленарлық отырыстан басталды.
Сонымен қатар маңызы жағынан ауқымды саммитке БҰҰ агенттіктерінің, жетекші халықаралық ұйымдардың (ЕҚЫҰ, ЭЫҰ, ЭЫДҰ, ТМҰ, ШЫҰ, ЕЭК, ИСЕСКО, АӨСШК және т.б.) және қаржы институттарының (АДБ, ЕҚҚДБ, Дүниежүзілік банк, Ислам даму банкі) өкілдері қатысып жатыр.

Іс-шара Орталық Азия елдеріндегі экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына келтіру, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі кешенді саясат пен тетіктерді қалыптастыруға бағытталған.
ӨЭС Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан Біріккен Ұлттар Ұйымымен және бірқатар халықаралық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Сондықтан экологиялық сын-қатерлерді еңсеруге өңірлік тәсілді көрсететін бірлескен шешімдерді әзірлеуге арналған алғашқы ауқымды іс-шара. Аталған сын-қатерлер үкіметтер, халықаралық және қаржы ұйымдары, сондай-ақ ғылыми және бизнес қауымдастықтар арасында ынтымақтастықты бекітуді қоюды талап етеді.

Таратылған мәліметке қарағанда, саммит аясында бірқатар елден ресми делегациялар келетіні расталды. Олардың қатарында Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Италия, Германия, Грузия, Камбоджа, Қытай, Моңғолия, Ресей, Сербия, Словакия, Хорватия және Жапония бар. Бұл ӨЭС алаңын түрлі мәселелер бойынша екіжақты келіссөздер сериясын өткізу үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
ӨЭС бағдарламасына 58 іс-шара кіреді. Оның ішінде 17-сі жоғары деңгейдегі, төртеуі Орталық Азия бойынша елдік сессия және 37-сі дөңгелек үстел, конференция мен семинарлар форматындағы тақырыптық кездесулер.
ӨЭС бағдарламасында БҰҰ құрылымындағы Халықаралық су ұйымын құру мәселесі бойынша консультациялар да жоспарланған. Оған БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің су жөніндегі ведомстволарының басшылары, БҰҰ-ның су мандатын іске асыратын агенттіктер және зерттеу институттары қатысады.

Қорытынды құжаттардың қатарында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» атты бірлескен декларациясын ерекше атап өткен жөн. Бұл құжат экологиялық орнықты даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге деген саяси ерік-жігерді көрсетеді. Сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған БҰҰ агенттіктерімен бірлескен Өңірлік іс-қимыл бағдарламасы ұсынылады.
- Жалпы, саммит аясында 51 құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Олардың ішінде 13 меморандум, 16 бірлескен мәлімдеме, келісімдер мен декларациялар, 16 өңірлік және елдік бастама, сондай-ақ 6 инвестициялық жоба бар. Саммиттің маңызды бөлігі ретінде Орталық Азия елдерінің және бақылаушы ел ретінде Әзербайжанның ұлттық павильондары ұсынылатын ӨЭС 2026 EXPO халықаралық «жасыл» технологиялар көрмесі өтеді. Қазақстанның ұлттық павильонында биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы жетістіктер, оның ішінде керқұлан, киік және Тұран жолбарысы популяцияларын сақтау, Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобалары, ғылыми шешімдер мен «Таза Қазақстан» бағдарламасының нәтижелері таныстырылады, - деп аталып өткен саммит мәліметінде.

Қазақстан экспозициясында ресурстарды басқарудың зияткерлік жүйелерін және «ақылды» экологиялық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылған. RES 2026 EXPO 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында өтеді және 30 елден шамамен 300 компания қамтымақ.

Еске салсақ, бұған дейін Өңірлік экологиялық саммитте Астана декларациясы қабылданатынын жазған едік.
Айта кетейік, елордадағы RES 2026 халықаралық экологиялық саммитіне қатысу үшін бірқатар мемлекет басшылары мен үкімет өкілдері Қазақстанға келді.