Астанада орнығатын Өңірлік хаб Орталық Азияға ғана емес, жалпы ауқымдағы тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік

Оның дәлелі - Дүниежүзілік банк Қазақстанды мемлекеттік қызмет саласында реформалар жүргізу жөніндегі өңірлік көшбасшы ретінде таныды. Дегенмен, бұл бағыттағы реформа үздіксіз дамуды ғана талап етеді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы қазақстандық модель аймақтағы озығы саналғанымен, қызмет сапасын жақсарту үшін оны реформалау әлі де жалғасады. Бұның бір көрінісі Қазақстан Президенті қазіргі реформа кезеңінде ең дамыған мемлекеттермен үндес мақсатты көрсеткіштерді алға қойып отыр. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі үдерістердің бүкіл халыққа, қоғамға ықпалы зор болмақ.
Мемлекеттік қызметтің халықаралық сарапшылардан жоғары бағалануының тағы бір дәлелі - БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда ТМД һәм Орталық Азия елдері бойынша Өңірлік хаб құруды және мемлекеттік қызметтің қазақстандық жүйесін осы өңірлерге модель ретінде пайдалануды ұсынған болатын. Бұдан бөлек, халықаралық ұйым Астанада мемлекеттік қызметті жаңғырту жөнінде жаhандық конференция ұйымдастыруды да өтінген. Мұндай бастамалардың өзі Елбасы бекіткен мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы мемлекеттік қызметті реформалаудың және жаңғыртудың жаңа кезеңінің басталғанын білдірсе керек. Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Даму бағдарламасының Астанада мемлекеттік қызмет істері жөнінде Өңірлік хаб ашу бастамасын қолдаған еді. Ал беделді халықаралық ұйым сарапшылары Қазақстанның жетістіктері мен қолға алып жатқан реформасы аясында Өңірлік хаб құру идеясы тәжірибеге енсе, оның берері де зор болатынын алға тартады.
Тоқтала кететін жайт, Өңірлік хаб мемлекеттік қызметті реформалаудың үздік үлгілерін таратуға қызмет етіп, оның аясында Қазақстанның озық тәжірибесі көршілес елдерге таратылады. Бір сөзбен айтқанда, Өңірлік хаб Қазақстанның ілкімді дүниесін өңірдегі басқа елдерге кіріктіруді ұстанып, хаб арқылы ең үздік үлгі-модельдер басқа көршілес елдерге ұсынылатын болады. Ал мүдделі үкіметтер өздерінде ендіруге лайықтысын өздері таңдайды.
Сөйтіп, Өңірлік хаб Астанада қалыптасады. Осынау іргелі дүниеге байланысты бүгін Астанада Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың құрылтай конференциясы болып өтті. Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп ұйымдастырған конференцияға 30 елден астам, сондай-ақ, Еуроодақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, USAID пен Дүниежүзілік банк өкілдері қатысты. Алқалы жиынға қатысушыларға Мемлекет басшысы Н. Назарбаев құттықтау хатын жолдаған болатын. «Мемлекеттік қызметті дамыту, оны халықтың күннен күнге өсіп келе жатқан талабына сәйкестендіру кез келген үкіметтің маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Ал, әр елдің мемлекеттік қызмет реформасының күн тәртібі халықаралық тәжірибе, аймақтық және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, өзекті мәселелерді зерделеу арқылы анықталады. Қазақстан озық халықаралық тәжірибені белсенді зерттеуге қызығушылық таныта отырып, сарапшылар жоғары бағалаған мемлекеттік қызмет моделін дамыту тәжірибесімен бөлісуге мүдделі. Сонымен қатар, мен мемлекеттік қызмет саласында үздіксіз тәжірибе, білім және ақпарат алмасу үшін тиімді институционалдық базаға айналатын Өңірлік хаб құруды қолдадым. Біз хатшылықтың тиімді жұмыс жасауына барлық жағдайлар жасап, әріптестерімізбен бірге аймақтық хаб құруға күш саламыз», - делінген Елбасының жолдаған құттықтауында.
Ескере кететін дүние, Қазақстан мемлекеттік қызмет реформасы саласында аймақтық көшбасшы болып саналғанымен, өмір жаңа талаптар туғызуда. Сондықтан да, Мемлекет басшысы соңғы жылдары мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру, кадрларды еңбегіне қарай іріктеу және жоғарылату үдерісін жетілдіру, мемлекеттік қызметшінің әдептілігін арттыру бойынша тапсырмалар бергені белгілі. Былтырғы Жолдауында да Президент мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыруға ерекше назарды аудару қажеттігін айтып: «Басты міндет - мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсетуге көшу» деген еді. Бұдан бөлек, Парламент қабылдап, Президент қол қойған мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған жаңа заң наурыздың 26-сынан бастап күшіне енетін болады. Осындай пәрменді шаралардың баршасы еліміздегі мемлекеттік қызметті одан әрі реформалау мәселесіндегі ілгерілеушілікті тағы айқындаса керек-ті.
Ал Президент көтерген мәселеге Астанадағы алқалы жиында БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Стивент Тулл да кеңірек тоқталып, ондай мәселенің барша үкіметтер үшін өзектілігін баса айтқан болатын. «Соңғы жылдары Өңірлік хаб аясында Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мырза қажырлы еңбек етті, бастама көптеген қолдауларға ие болды. Жалпы, бұл халықаралық бастамаға қызығушылық та артып, жоба өз мақсатына жету үстінде. Бұл мен үшін де маңызды. Сондықтан да, Астанада жайғасатын осынау Өңірлік хабтың әлеуеті зор болады деп санаймыз әрі ол Орталық Азия аймағында ғана емес, көптеген өңірлерде де халық пен мемлекетке қызмет етудегі тиімділігін танытатынына сенім мол», - деді С. Тулл. Сонымен қатар, мәртебелі мейман Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың былтырғы желтоқсандағы Жолдауындағы мемлекеттік қызмет мәселесіне қатысты айтқан пікірін жоғары бағалады. «Қазақстан Президенті Н. Назарбаев былтырғы желтоқсандағы Жолдауында мемлекеттік қызметті дамытудың тың тетіктері туралы айта келе, бұл қызметтердің басты мақсаты оның сапасын барынша жақсарту екеніне тоқталған болатын. Менің ойымша, дәл осы тақырыпты біз «қызыл сызықпен» сызып тұрып, ерекше нысанаға алуға тиіспіз және бұл біздің жұмысымыздың бір бөлігі болуы шарт, сондықтан оны ұдайы естен шығармауымыз керек. Өйткені, біздің түпкі көздегеніміз мемлекеттік қызметті барынша кәсібилендіру болып отыр», - дейді Стивен Тулл мырза. Сөз арасында БҰҰ өкілі Грекия заманынан бері мемлекеттік қызметте ең құзыретті азаматтар қызмет еткенін, сол тұстан бастап мемлекеттік қызметтегі саяси философия қоғамдағы тәртіп пен әділдікті қамтамасыз ету болғанын атап өтті. «Ендеше мемлекеттік қызметті реформалау мәселесінде сол қызметтің сапасын одан сайын жақсарту үшін ұдайы ізденісте болуға тиіспіз. Ал Өңірлік хаб идеясы көршілес мемлекеттермен ғана емес, жалпы ауқымда тәжірибе алмасуға - керемет мүмкіндік. Менің ойымша, бұл бейбітшілікті сақтау мақсатындағы үкіметтераралық ынтымақтастықта аса маңызды сала болып табылады», - деді Стивен Тулл.
Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов бүгінгі алқалы жиынның өзіндік символдық мәні бар екеніне ерекше тоқталады. «Әр Үкімет өзінің күн тәртібіндегі реформасын өзі айқындайды. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибені зерттеу, реформаларды салыстырып, табыстар мен кемшін тұстарды зерделеу өзекті. Халықаралық тәжірибені зерттеп қана қоймай, ұлттық және аймақтық тәжірибені, аймақтағы елдердің имплементация практикасын назарға алу, мәселелерді сараптап, олардың шешу жолдарын саралау маңызды. Қазақстан өзінің мемлекеттік қызмет саласындағы жинақтаған тәжірибесімен бөлісуге дайын. Аймақтық хаб құру бойынша ұстанымдар бүгін таратылған тұжырымдаманың жетілдірілген нұсқасында да көрініс тапты. Тұжырымдама жобасы бойынша көптеген ұсыныстар да келіп түсті. Онда айтылған пікір ортақ - мемлекеттік қызмет саласында Өңірлік хабтың құрылуы өзекті мәселе және оның қажеттігі айқын», - дейді Әлихан Бәйменов. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызмет саласында айтулы орталық құрылса, бұл ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, аймақтағы мемлекеттік қызметтің дамуына елеулі үлес қосатын болады.
Бұндай пікірмен Еуроодақтың Қазақстандағы делегациясының басшысы Аурелия Бушез де бөліседі. «Менің ойымша, Өңірлік хабтың құрылтайын өткізудің өзі Қазақстанның аймақтық рөлінің артып отырғанын білдіреді. Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб туралы мұндай бастаманың жетіле түскені маңызды. Сонымен қатар, қазіргі заманда өз азаматтарын қарқынды экономикаға үндейтін мемлекеттерден ең алдымен мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту талап етіледі. Бұл ретте жоғары білікті қызметкерлердің рөлі де ерекше. Ал БҰҰ Даму бағдарламасының бұндай маңызды бастамаға қолдау білдіруі де соның айғағы болса керек», - дейді Аурелия Бушез.
Делегация басшысының айтуынша, Өңірлік хаб Қазақстан мен оның көршілес елдерін жоғары сапалы мемлекеттік қызметтің халық пен мемлекет игілігіне жұмыс істейтін кеңістікке айналдыруды қамтамасыз етеді. «Бұл ретте Еуропалық одақ өкілдері бұндай бастаманың әріптесі болып отырмыз. Әріптес болудың себебі де көп, дегенмен екі маңыздысын бөліп айтуға болады. Біріншісі - бұл Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен техникалық ынтымақтастық бойынша ұзақмерзімді әріптестік. Екіншісі - бұл біздің Еуропалық одақ шеңберіндегі және одан тысқары жерлердегі өңірлік әріптестік бойынша тәжірибеміз», - деді А. Бушез.
Түптеп келгенде, Астанада қалыптаса бастаған мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб осы саладағы ғалымдар мен сарапшылар үшін таптырмас сұхбат алаңына айналып қана қоймай, өңірдегі елдердің мемлекеттік қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер әзірлейтін орталыққа айналары сөзсіз. Халықаралық сарапшылар, беделді ұйымдар өкілдері де осындай ортақ пікірде.