Астанада Орталық Азия елдеріндегі әскери-саяси аспектілердің қауіпсіздігіне қатысты ЕҚЫҰ Тәртіп кодексі талқылануда

Бұл шешім тараптардың Тәртіп кодексінің тиімділігін арттыру үшін жыл сайынғы жиналыстарды өткізіп тұру ниетін білдіреді. Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы мен ҚР Қорғаныс министрлігі бірігіп ұйымдастырып отырған осы семинар тараптардың ЕҚЫҰ шеңберіндегі өз міндеттерін толықтай да, әскери-саяси тұрғыда да бұлжытпай орындайтындығының айқын дәлелі.
Бұл туралы Орталық Азия елдеріндегі әскери-саяси аспектілердің қауіпсіздігіне қатысты ЕҚЫҰ Тәртіп кодексін талқылау бойынша семинар жұмысының ашылу салтанатында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бағдат Майкеевтің семинар қатысушыларына жолдаған хатында айтылды. Хатты ҚР ҚМ Қарулануды қысқарту және экспедициялық қызметпен қамтамасыз ету орталығының бастығы, полковник Амангелді Әубәкіров оқып берді.
«Қазақстан Републикасы Тәртіп кодексін қабылдағаннан бері оның барлық қаулыларын сақтап, талқылау жұмыстарына белсенді араласып, халықаралық міндеттерін бұлжытпай орындап келеді. Олардың ішіне жыл сайынғы ақпарат алмасу шаралары да енеді», - делінген хатта.
Аталмыш шара соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанда ЕҚЫҰ-мен бірлесіп өткізіліп отырған 3-ші семинар. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан қарулы күштерінің өкілдері, Норвегия Королдігінің, Нидерланды Корольдігінің, Швейцария Конфедерациясының және Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының сарапшылары қатысуда. Семинар 5 қазанға дейін жалғасады.