Астанада Орталық Азия елдерінің басшылары кездесу өткізеді
«Орталық Азия елдерінің көшбасшылары Астанада кездеседі. Қателеспесем, бұл кездесу наурыз айында өтеді. Президенттер өңірлік ынтымақтастықты нығайту және ондағы сын-тегеуріндер мәселесін талқылайды. Біз де бұл шешімді мақұлдаймыз, олар серіктестерден тыс, басымдықтарды өзара талқылауы тиіс. Бәлкім, олар сын-қатерлерді еңсеретін өздерінің өңірлік стратегияларын әзірлейді", - деді Орталық Азия бойынша ЕО өкілі Петер Буриан халықаралық қатынастардың 25 жылдығына арналған кездесуде.
Елші Орталық Азияның инвестициялар мен сауда үшін тартымды және әлеуетті нарыққа айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл өңір - Азия мен Еуропаның арасын жалғайтын маңызды стратегиялық орын.
П. Бурианның пікірінше, ЕО негізгі мүддесі - Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы.
«Біз Орталық Азияның гүлденуін қалайтындардың бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. ЕО Орталық Азия елдерінің экономикасын өзгерту мен жаңғыртуға көмектесе алады...", - деп өз сөзін толықтырды Петер Буриан.