Астанада өтетін әлем кубогына қатысатын қазақстандық боксшылардың алдын ала тізімі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында 30 маусым - 6 шілде аралығында өтетін бокстан Әлем кубогына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының алдын ала тізімі белгілі болды.

Бас бапкер Қайрат Сәтжанов аталған жарысқа бірінші нөмірлі былғары қолғап шеберлеріне үміт артатынын мәлім етті. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Абылайхан Жүсіпов (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.
Ұлттық құрама алғашқы оқу-жаттығу жиынын 1-18 мамыр аралығында Түркістан облысында өткізді. Енді дайындықтың екінші кезеңі 26 мамыр-9 маусым аралығында Ақмола облысы Щучинск қаласында ұйымдастырылады. Соңғы оқу-жаттығу жиыны 17-29 маусым аралығында өтеді. Бұл - халықаралық деңгейде өтетін біріккен жаттығу жиыны. Оған АҚШ, Канада, Ирландия, Бразилия және Аустралия сынды елдердің боксшылары қатысады.
World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing аясында өткен бокстан әлем кубогында Дәулет Төлемісов (85 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Жазира Орақбаева (51 келі) чемпион атанды.
Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлдеге қол созды.
Ал үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Әзірге оның қайда өтетіні белгілі болған жоқ.