Астанада өтетін «Қайрат» пен «Олимпиакос» арасындағы ойын билеттері сатылымға шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Чемпиондар лигасы аясында «Қайраттың» елордада өтетін алғашқы матчына билеттер сатылымға шықты.

«Астана Арена»
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Алматылық клуб Грекияның «Олимпиакос» командасына қарсы ойынның билеттері сатыла бастағанын хабарлады. Билет бағасы — 15 000 — 50 000 теңге аралығында. Матч 9 желтоқсан күні 20:30–да «Астана арена» стадионында өтеді.

— Бір ЖСН-ға екі билеттен артық сатып алуға болмайды. Шетел азаматтары төлқұжат деректерін көрсете алады, — деп хабарлады клуб.

Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» футбол клубы УЕФА-мен бірлесе отырып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Олимпиакос» (9 желтоқсан), «Брюгге» (20 қаңтар) командаларына қарсы өз алаңындағы матчтарын «Астана Арена» стадионына көшіретінін хабарлаған еді.

Оған дейін «Қайраттың» «Реал Мадрид» және «Пафос» командаларына қарсы ойындары Алматының Орталық стадионында өтті. Бұл матчтарға билет 30-250 мың теңге аралығында сатылды.

Соңғы жаңалықтар