Астанада өтетін цифрлық халықаралық конференциядан пайда бар ма – министр жауабы

Астана
Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қыркүйекте цифрлық инклюзия және трансформация тақырыбында халықаралық конференция өтеді. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтен іс-шараның мақсаты мен елге пайдасы туралы сұраған едік.

«Халықаралық конференцияны өткізу туралы шешім былтыр қабылданды, биыл қыркүйекте өтеді. Бұл Қазақстанның емес БҰҰ-ның конференциясы және оны өткізбесек, беделімізге тәуекел туындауы мүмкін. Оның аясында 62 елдің министрлерімен цифрлық шешімдер орталығын құру туралы декларацияға қол қойылады. Конференцияны біз өткізбесек, басқа ел өткізеді, сәйкесінше цифрлық орталық басқа елде құрылады. Менің ойымша, БҰҰ-ның экожүйесін нығайту еліміздің орталық хабқа айналу стратегиясына сәйкес келеді», - деді Жаслан Мәдиев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында Kazinform агенттігі тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Есесіне министр, биыл елордада Digital Bridge халықаралық технологиялық форумының өтпейтінін алға тартты. Сондай-ақ, Ж.Мәдиев 62 елдің министрлерінің қатысуымен өтетін ауқымды іс-шараға жұмсалатын қаражат жағын да тілге тиек етті.

«Отандық стартапшылар алдағы халықаралық конференцияға өз жобаларын таныстырып, көрсетеді. Бұл қаржы үнемдеуге ықпал етеді, яғни шетелге барып таныстырудың қажеті жоқ. Сондықтан бұл конференцияны өткізу тиімді деп ойлаймын, оны ұйымдастырып, өткізуге 770 мың доллар қарастырылған», - деп толықтырды ведомство басшысы.

Кеше Қазақстанда 62 мемлекеттің қатысуымен халықаралық конференция өтетіні туралы хабарлаған едік. 

Осы орайда Мәжіліс «Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхит министрлік конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы шешім қабылдады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берген еді.

Соңғы жаңалықтар