Астанада пара хоккейден әлем чемпионаты басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада пара хоккейден (B-пул) әлем чемпионаты басталды.

Жарысқа Италия, Жапония, Швеция, Қазақстан, Франция және Финляндия құрамалары қатысады.
Спорттық шараның ашылу салтанатында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев пен Халықаралық пара хоккей федерациясының техникалық делегаттар басшысы Питер Андерссон құттықтау сөз сөйледі.
Вице-министр әлем біріншілігінің елімізде екінші рет өтіп жатқанын еске салып, Қазақстанның қысқы пара Олимпиада ойындарына жолдама алуға жақсы мүмкіндігі бар екенін айтты.
– Мемлекет тарапынан елімізде мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. 2024 жылдан бастап пара хоккейден ұлттық штаттық құрама командасы құрылды. Соның нәтижесінде осы санаттағы азаматтардың спортпен айналысу үлесі жыл сайын артып келеді, - деді Серік Маратұлы өз сөзінде.
Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы бүгін 19:00-де алғашқы ойынын Швецарияға қарсы өткізеді.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, елордада турнир айналмалы жүйе форматында өтеді. Жарыстың қорытындсы бойынша алғашқы екі орынды иеленген командалар A тобына өтсе, соңғы орын алған құрама C тобына түседі.
Сондай-ақ Астанада өтетін бұл біріншілікте Милан — 2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындарына іріктеу турниріне берілетін екі жолдама сарапқа салынады. Іріктеу жарысы 2025 жылдың 5-10 қарашасы аралығында Норвегияның Йессхейм қаласында өтеді. Бұл спорттық бәсекеде Паралимпиадаға тікелей жолдама алатын құрамалар анықталады.