Астанада пәтер алаяқтығымен айналысқан әйел ұсталды

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Полицейлер клиенттерге пәтерлерін жөндеп, дизайнерлік жиһазбен жабдықтап берем деп өз қызметін ұсынған алаяқ әйелді ұстады. Бұл туралы Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Астанада пәтер алаяқтығымен айналысқан әйел ұсталды

Астаналық ІІД қызметкерлері алаяқтық жасады деген айып бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 1975 жылы туған Қарағанды облысының тұрғынын құрықтады.

20 қыркүйекте Астана қаласының тұрғыны әйел адам оны алдап ірі көлемдегі ақша қаражатын қолды қылғаны туралы арызбен полицияға хабарласқан.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті әйел азаматтардың сеніміне кіріп, Қарағандыда жиһаз жасайтын цехтың директоры ретінде танысқан. Пәтерге «толығымен» жөндеу жұмысын жүргізуді және дизайнерлік жиһазбен жақсылап жабдықтауды ұсынып, ірі ақша сомасы түрінде қалалықтардан алдын ала төлем алған.

Өзінің Астана қаласының аумағында ғана жасаған қызметінің нәтижесінде, әйел адам осындай айла-шарғымен 8 азаматқа қиянат жасаған. Ол өз іс-әрекетімен аңқау пәтер иелеріне бірнеше миллион теңге сомасында залал келтіргені белгілі болды. Полицияның ұйғарымы бойынша, әлі де арыздар түсуі мүмкін, сондықтан аталған сома да ұлғаюы ықтимал.

Ұсталған әйелге қатысты ҚР ҚК 177-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.