Астанада пәтер тонау оқиғалары азайды

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Елордада полиция қызметкерлері қабылдаған іс-шаралардың нәтижесінде пәтер тонау оқиғалары азайды. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Ішкі істер департаментінен хабарлады.

Астанада пәтер тонау оқиғалары азайды

Жыл басынан бері полицейлер 37 қылмыстық топты құрықтады, соның ішінде 13 топ пәтер тонаумен, 8-і көлік тонаумен және айдап кетумен айналысқан.

Ведомствоның хабарлауынша, пәтер тонаудың алдын алу шаралары кезінде консьерждер институты, сонымен қатар тұрғын үйлерде бейнекамералар, домофондар мен басқа да техникалық күзет құралдарын орнатуды көздейтін «Қауіпсіз аула» жобасын енгізу оң нәтижесін берді. Қазіргі уақытта Астанада тұрғын үйлерді күзетуге 200 жуық консьерж тартылған. 6 мыңға жуық кіреберіске домофон, 700 есікке код қойылды. «Қауіпсіз аула» жобасы аясында 58 тұрғын үйдің аумағында елордалық ІІД жедел басқару орталығының бейне бақылау жүйесі орнатылып, 40 аула ПИК есебінен бейнекамералармен жарақталды.

Айта кетейік, статистикаға сәйкес, әрбір бесінші тонау кеңсе мен мекемеде, әрбір төртінші ұрлық көлік салонында жасалады. Сауда ойын-сауық орталықтарында және халық көп жиналатын жерлерде ұсақ ұрлық жасау жағдайлары артып отыр. 1,5 мыңға жуық ұрлық қалта ұрлығы санатына жатады, соның ішінде 70% қоғамдық көлікте - автобустар мен маршруттық таксилерде жасалады. Құрылыс алаңдарынан құрылыс материалдарын, қондырғылар мен құрал-саймандарды, кабельдерді ұрлау оқиғалары кеңінен таралған. Негізінен, көп шығын келтіретін ұрлықтар банктерде немесе валюта айырбастау пунктерінде жүргізілген операциялардан кейін жасалады.