Астанада полиция жасырын зорлық-зомбылық фактілерін анықтау үшін үйлерді аралайды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасырын фактілерін анықтау және көмекке мұқтаж отбасыларды табу үшін тұрғын үйлерді аралайды. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмагүл Исмағұлова мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жұмыс 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» халықаралық акциясы аясында жүргізіледі.
– Акция барысында бұрын зорлық-зомбылық фактілері тіркелген отбасыларға бару, профилактикалық есепте тұрған азаматтарды тексеру және қорғау нұсқамаларының орындалуын бақылау көзделген. Әсіресе, зорлық-зомбылық қайталанған, өлтірумен қорқыту, қудалау және психологиялық қысым көрсету жағдайлары тіркелген отбасыларға ерекше назар аударылады, - деп түсіндірді Алмагүл Исмағұлова.
Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленіп жатқан отбасылар да полицияның ерекше бақылауында болады. Құқық бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, тұрғындарға заңда көзделген қорғау шаралары мен көмек алу жолдары түсіндіріледі.
– Акция аясында оқу орындары мен еңбек ұжымдарында кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылады. Бұл жұмыстарға мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, үкіметтік емес ұйымдар, психологтар мен дағдарыс орталықтарының мамандары тартылады, - деді спикер.
Полицияның мәліметінше, профилактикалық шаралардың басты мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылықты дер кезінде анықтап, зардап шеккен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу.
Еске салайық, егер азаматтар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса немесе өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, полицияның 102 нөміріне хабарласа алады. Сонымен қатар, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 байланыс орталығы және 150 сенім телефоны жұмыс істейді.
Бұған дейін Астанадағы «Қорғау» дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға ғана емес, зорлық-зомбылық жасаған ер адамдармен жұмыс жүргізуге көңіл бөлетіні хабарланды.