Астанада Президенттің серіктерімен кездесу өтті

Кездесудің басты қонағы - мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков болды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Іс-шарада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов сөз алып, жиналған қауымды Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады және студенттерге қазіргі Қазақстандағы Тұңғыш Президенттің рөлі турпалы әңгімеледі.
Кездесуде Мырзатай Жолдасбеков «Біз - Ұлы Даланың перзентіміз» деген Елбасының сөзіне қайта оралып, тірлігі - жарасқан, бірлігі - бақ ашқан ел екенімізді баса айтты. Бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында - тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ тұтас халыққа айналғанымызды, жоғымызды тауып, рухани-мәдени байлығымызды түгендеп, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлағанымызды ерекше атай келіп, Қазақстанның аршынды қадамдары, тыныс-тіршілігі жайлы кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ, Мырзатай Жолдасбековтың әндері мен күйлеріне де кезек берілді.
Шараға Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты Ғарифолла Есім, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, академик - Болат Көмеков, профессорлар - Серік Негимов, Мырзагелді Кемел, Нәубет Қалиев, Жамбыл Артықбаев қатысты.
Кездесуге келген қонақтар, белсенді жастар жақсы көңіл-күймен тарқасты.