Астанада «RES 2026 EXPO» халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесі өтеді
АСТАНА.KAZINFORM - 22-24 сәуір аралығында Астанада «RES 2026 EXPO» халықаралық жасыл және тұрақты технологиялар көрмесі өтеді. Ауқымды іс-шара Орталық Азия елдерінің қатысуымен өтетін – Өңірлік экономикалық саммит 2026 аясында ұйымдастырылып, аймақтың тұрақты даму саласындағы негізгі диалог алаңына айналмақ.
Ресми ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Касым‑Жомарт Токаев және Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларының қатысуы жоспарланып отыр. Бұл көрменің жоғары халықаралық мәртебесін және оның өңірлік маңызын айқындайды. Іс-шараның ұйымдастырушысы - Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігі. Іс-шараны ұйымдастыруға Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) қолдау көрсетеді. Көрменің операторы - «BusinessFirst» ЖШС.
RES 2026 EXPO - экологиялық трансформацияға бағытталған нақты технологиялар мен инновациялық шешімдерді таныстыратын кәсіби платформа. Көрме аясында мемлекет өкілдері, халықаралық ұйымдар, бизнес құрылымдар, қаржы институттары, ғылыми және сарапшылық қауымдастығы бас қосады. Іс-шараға барлығы 30 елден 300-ден жоғары компания қатысып, 1500 делегат пен 20 000-нан аса көрермен келеді деп жоспарланған.
Көрме аумағында 8 тақырыптық аймақ көрсетіледі:
1. Жасыл энергетика және декарбонизация.
Күн, жел және басқа таза энергия көздерін пайдалану арқылы ауаға зиянды газдардың шығарын азайту.
2. Су ресурстарын басқару және ағын суларды тазарту.
Суды үнемді пайдалану, өзендер мен көлдерді тазалау, қауіпсіз су жүйелерін құру.
3. Циркулярлық экономика және қалдықтарды қайта өңдеу.
Қалдықтарды қайта пайдалану және жаңа өнімдер жасау арқылы қоршаған ортаны қорғау.
4. Ақылды қалалар және тұрақты инфрақұрылым.
Қалаларды ыңғайлы және экологиялық таза етуге арналған технологиялар мен шешімдер.
5. Климаттық технологиялар және көміртекті басқару.
Көміртек шығарын азайту және климатқа әсерді төмендететін жаңа технологиялар.
6. Биоәртүрлілік және экожүйелерді қалпына келтіру.
Табиғаттағы жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрлілігін сақтау және зақымдалған жерлерді қалпына келтіру.
7. Агро-технологиялар және азық-түлік жүйелері.
Тиімді және экологиялық таза ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар арқылы тұрақты азық-түлік өндірісі.
8. ESG және жасыл қаржыландыру.
Экологияға, әлеуметтік жауапкершілікке және дұрыс басқаруға негізделген инвестициялар мен бизнес жобалар.
Сондай-ақ көрме аясында бірнеше арнайы іс-шара өткізіледі. Олар қатысушыларға тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен танысуға және «жасыл» технологияларды дамытуға мүмкіндік береді:
GREEN INVEST FORUM - инвесторлар, бизнес және мемлекет өкілдерінің диалог алаңы. Форумда «жасыл» инвестициялық жобаларды таныстыру, қаржыландыру және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланып, B2B және B2G кездесулері ұйымдастырылады.
ECO STARTUP COMPETITION - экологиялық стартаптар мен инновациялық шешімдерді көрсетуге арналған кәсіби алаң. Қатысушылар жобаларын таныстырып, тәжірибе бөлісіп, тұрақты даму саласындағы жаңа технологияларды көрсетуге мүмкіндік алады.
GREEN RUNWAY FASHION SHOW - экологиялық таза материалдар, қайта өңделген маталар және табиғи бояғыштар қолданылған сән коллекцияларының көрсетілімі. Шоу мәдениет, табиғат және инновация байланысын көрсетеді.
ART EXHIBITION - табиғат, тұрақты болашақ және экологиялық құндылықтарға арналған көркемдік экспозиция. Заманауи суретшілер мен авторлық студиялардың жұмыстары экологиялық тақырыптарды ашады.
REGIONAL ECO FILM FESTIVAL - экологиялық және әлеуметтік тақырыптағы кино бағдарламасы. Көрме басты сахнасында көрсетілетін фильмдер тұрақты даму, экология, климат, су, биоәртүрлілік және ESG трансформациясына арналған.
Осы іс-шаралар RES 2026 EXPO көрмесін тек технологиялық жаңалықтар ғана емес, мәдени және әлеуметтік бастамаларды біріктіретін әмбебап алаңға айналдырады.
RES 2026 EXPO мемлекеттік сектор үшін бизнеспен ашық әрі мағыналы диалог құруға, экологиялық және экономикалық саясаттың басымдықтарын ұсынуға және ұлттық және өңірлік бағдарламаларды іске асыру үшін әріптестер табуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан Германияда өтіп жатқан ITB Berlin халықаралық туристік көрмесіне қатысып жатыр. Аталған көрмеге жыл сайын әлемнің 180 елінен 10 000-нан астам экспонент пен 160 000-ға жуық келуші жиналады. Сонымен қатар іс-шараға 113 500-ден астам туризм саласының мамандары қатысады.