Астанада самокат пайдаланушылар арасындағы құқықбұзушылық артқан
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Махамбет Төлешов баяндама жасады.
Оның айтуынша, өткен жылдың жазғы маусымындағы апаттылық жағдайына жүргізілген талдау электросамокаттардың қатысуымен болатын құқықбұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының артқанын көрсеткен. Мәселен, 2025 жылы электросамокаттардың қатысуымен 45 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 50-ден астам адам жарақат алған.
– Құқық қолдану тәжірибесін талдау электросамокат пайдаланушылары тарапынан жасалатын заңбұзушылықтардың жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді. Ең жиі кездесетіндері – бір самокатта екі адамның бірге жүруі, жаяу жүргіншілер өткелінен түспей өту, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың электросамокат пайдалануы, – деді ведомство өкілі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, самокат жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерінің барлық талабы мен әкімшілік жауапкершілік шаралары толық көлемде қолданылады.
– Рөлді кемінде бір қолмен ұстамай жүруге, арнайы жабдықты қоспағанда жолаушы мен жүк тасуға, сондай-ақ трамвай жолы бар немесе көп жолақты жолдарда солға бұрылуға және кері бұрылуға тыйым салынады, – деді ол.
Сонымен қатар спикер электросамокаттарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптары да белгіленген екенін еске салды. Атап айтқанда, қорғаныш шлемін пайдалану, ал қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді тағу міндетті. Қозғалыс велосипед жолдарымен немесе велосипед жолағымен жүзеге асырылуы тиіс. Олар болмаған жағдайда, жолдың оң жақ шетімен, оның ішінде қоғамдық көлікке арналған жолақпен бір қатарда жүруге рұқсат етіледі. Бұл ретте мұндай учаскелерде электросамокатты тек 18 жасқа толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар тұлғалар ғана басқара алады.
– Аталған талаптарды сақтамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593, 620, 615 және 127-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деп толықтырды спикер.
Бұған дейін елде жалға берілетін самокаттарға қандай нөмір берілетіні анықталғанын жазғанбыз.