Астанада Саратов облысының күндері салтанатты түрде ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Саратов облысының күндерінің салтанатты ашылуы өтті.
None
None

Шара барысында Саратов облысының әлеуетін көрсеткен тұсаукесер рәсімі болды. Ашылу салтанатында алғысөз алған Саратов облысының губернаторы В.В.Радаев қос мемлекет арасындағы екі тарапты қарым-қатынастардың дамуында Астана қаласы мен Саратов облысының маңызды рөлін атап өтті, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында. Айта кетейік, бұл облыс сауда және көлік магистралі қиылысындағы ірі астық өндіруші аймақ орталығында орналасқан. Ол Ресей орталығын Орал, Сібір, Орта Азиямен байланыстыратын ірі көлік торабы саналады. Бұл өңірде жер қойнауынан мол ресурстар мен пайдалы қазбалар атап айтқанда, мұнай, газ, құрылыс материалдары шикізаты, жанғыш тақтатас, ішуге жарамды және бальнеологиялық минералды сулар өндіріледі. «Біріншіден, Астана қаласы әкімінің атынан қадамдарыңыз құтты болсын деймін. Өздеріңіз білетіндей, Саратов облысы мен ел астанасының арасындағы байланыстың өзіндік тарихы бар. Біз алғаш 1998 жылы өзара келісімге қол қойған едік. Қазір экономикасы дамыған, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын бас қалаға айналды», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов .

Сондай-ақ В.Крылов өнеркәсіп, білім, инновация, жол-көлік қатынастары саласындағы жетістіктерімізбен таныстырып, алар асуымызды баппен баяндады. Биыл 9 мектептің кірпіші қаланып, 15 балабақшаның қолданысқа берілетінін де тілге тиек етті. Ерекше ықылас танытқан астаналықтарға алғысын білдірген Саратов облысының губернаторы ортақ мақсаттардың орындалуына тілектестігін білдірді. «Қаланың экономикалық, әлеуметтік жағдайымен таныстырып, жұмыла жұмыс істеуге ниет білдіргендеріңіз үшін ризамын. Балабақша кезегі, мектеп оқушыларының екі ауысымда білім алуы сынды мәселелер бізді де ойландырады. Алдағы уақытта бұл мәселелер толығымен шешілуі керек. Осы игі шара барысында Астана мен Саратов облысының бизнес өкілдері өзара келісімге келіп, түйткілді мәселелерді тізе қосып шешеді деп ойлаймын», - деді ол. Кездесуде Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Сауда өкілдігі мен Саратов облысы үкіметі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Саратов облысы Үкіметі мен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Аталмыш келісімдер Саратов облысының үкіметі мен Астананың арасында ғана емес, сондай-ақ екі елдің іскерлік қауымдастығы арасында да байланыс пен сенімнің нығаюына ықпалын тигізбек. Ал алдағы уақытта мәдениет пен білім, экономика және медицина, туризм мен сауда, ғылым мен техника, спорт салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамыту көзделіп отыр.

Шараға сондай-ақ Ресей Федерациясының ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі М.Н.Бочарников, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Сауда өкілі А.И.Яковлев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.И.Мырзахметов, Саратов облысының басшылары мен бизнес құрылымдарының өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Соңғы жаңалықтар