Астанада сәуір айы бойы жолдардағы қауіпсіздіктің ауқымды шарасы өткізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы сәуір айы бойы елорда аумағында «Назар аударыңыз, бағдаршам» атты ауқымды алдын алу шарасын өткізеді. Бұл туралы бүгін басқарма бөлімінің аса маңызды істер бойынша аға инспекторы Бақытжан Алтыбай мәлім етті.
Осы шара барысында 1-10 сәуір аралығында жаяу жүргіншілер тарапынан жол ережесін бұзушылықтардың алдын алуға негізделген акция өткізіледі. «Биылғы жылдың басынан бері жеті мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ол.
Мұнымен қоса, 11-20 сәуір аралығында көліктегі балалардың қауіпсіздігіне айрықша мән беріледі. Осы бағытта балалар үшін арнайы орындықтар мен қауіпсіздік белдіктерін қолдануға назар аударылады.
Ал 21-30 сәуір аралығында көлікті мас күйінде басқаруға жол бермеу мақсатындағы шаралар өткізіледі.
Осы орайда қала көшелері мен жолдарында тексеріс жүргізу жоспарланып отыр.
«Биылғы үш айда елорда жолдарында 121 жол-көлік оқиғасы орын алып, 8 адам қаза тапты және 137 адам жарақат алды»,- деді Б. Алтыбай.