Астанада саясаттанушылардың І Еуразиялық конгресі өтеді

"Алдағы жылы посткеңестік республикалар өздерінің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толғанын атап өтетін болады. Осыған орай Қазақстанның талдау орталықтарының альянсы қазіргі ТМД мен Балтық, Еуропа, Азия елдері мен АҚШ-тың жетекші сарапшылары қатысатын саясаттанушылардың Еуразиялық конгресін өткізуге мұрындық болып отыр. ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтетін бұл шараға біздің есебіміз бойынша 35-36 мемлекеттің өкілдері келмек", дейді Алтынбай Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарым. Оның айтуынша, конгрестің басты мақсаты посткеңестік қалыптан шықтық па, шыға алмадық па деген сауалға жауап табу. Жалпы алқалы бұл жиынның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралғалы отыр. Біріншісі, түрлі елдердің ғалымдары мен зерттеу институттарының арасында бірігіп жұмыс істеу ісіне жаңа дем беру. Екіншісі, посткеңестік елдердің даму ерекшелігіне байланысты туындаған сұрақтарға әрқайсысы жеке диалог алаңы болып табылатын 4 секцияның шеңберінде жауап іздеу. Олардың тақырыбы - "Посткеңестік саяси жүйелердің теориялық және әдістемелік негіздерін іздеу". "Посткеңестік елдердегі мемлекеттік құрылым мен идеологиялық жүйенің ерекшеліктері", Дағдарыстан кейінгі әлем. Дамудың геосаяси және геоэкономикалық сценариі". "Қазақстан және ЕҚЫҰ: бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін ынтымақтасу".