Астанада семсерлесуден халықаралық турнир мәреге жетті
Астана ресми сайтының мәліметінше, сайысқа Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан барлығы - 11 команда қатысты. Алайда, турнир қорытындысы бойынша барлық жүлделі орындарға қазақстандық сайысшылар ие болды.
Бірінші орын ресми емес командалық есепте Оңтүстік Қазақстан облысына бұйырды. Олар бес алтын, бір күміс және үш қола медальге қол жеткізді. Екінші орында - үш алтын, бес күміс, жеті қола медаль алған Шығыс Қазақстан облысының спортшылары. «Үштікті» әр жетістіктен үш-үш медальден алған Алматы қаласының командасы қорытындылап тұр.
Жеке біріншілік бойынша кеудесіне алтын медаль таққан Қазақстан құрамасы көшбасшыларының бірі, алматылық Дмитрий Алексанин өткен турнир туралы өз пікірін былай білдіреді: «Ұйымдастырылуы өте жақсы болды. Барлық қарсыластар да маған таныс, түрлі жарыстарда ылғи кездесіп жүреміз. Мені жас жігіттердің күш-жігері қуантты. Бұл, қазақстандық кәсіби сайыстардың деңгейі барған сайын өсіп келеді деген сөз. Біз әлем Кубогы жарысында «үштіктеміз», ал Азия чемпионатында үнемі жүлделі орынға ие боламыз».