Астанада шағын және орта кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелендіру мақсатында 600 млн теңге бөлінді
Мұндай меморандумға «Даму» Қорының Басқарма төрағасы мен Астана қаласы әкімшілігінің арасында қол қойылды. Құжат бойынша Астана қаласы әкімшілігі мен «Даму» Қоры паритетті негізде жекелеген сауда, мейрамхана бизнесі, тамақ-өнімдерін жеткізіп беру және франшиза сатып алу саласында қызмет көрсететін шағын және орта кәсіпкерлерге 600 млн теңге бөледі. Қаражат екінші деңгейлі банктер арқылы босатылады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 8,5%. Несиенің шектік мөлшері 200 млн теңгеге дейін. Несие 84 айға дейін беріледі. Айналымдағы қаражатты толтықтыруға 36 айға дейінгі мерзім көрсетілген. Негізгі қарызды өтеудегі жеңілдік берілетін мерзім 18 айдан аспайды.
«Астана қаласы әкімшілігімен жасалып жатқан бұл келісім елорда шағын және орта кәсіпкерлігіне қолайлы жағдай жасау жолында өте маңызды. Статистикалық мәліметтер бойынша Астана ШОБ көрсеткіштері бойынша алдыңғы орында тұр. Қазір мұнда 104 мың кәсіпкер тіркелген. Олар 3,2 трлн теңгенің өнімін шығарып отыр. Астана шағын және орта кәсіпкерлікке тартылу жағынан республика бойынша екінші орында. Яғни, қала халқының 62% деген сөз. Әкімшілікпен бірлесіп қолға алған бағдарламаларымыз ШОБ саласындағы осы жағымды өсімді сақтап, әрі қарай дамытуға бағыттталады. Екінші жағынан, жылына 8,5% мөлшерлемесімен берілетін мұндай жеңіл несиелер елордада франчайзингтің арқасында ел танитын сауда белгілерінің пайда болуына септігін тигізеді. Сондай-ақ EXPO-2017 қарсаңында жекелеген сауда, мейрамхана бизнесін жаңа, заманауи деңгейге көтереді деген сенім бар,-деді «Даму» Қорының Басқарма төрағасы Қаныш Тулеушин.