Астанада «Шапағат-2015» республикалық өнертапқыштар байқауының жеңімпаздары марапатталады

«2004 жылы бекітілген «Шапағат» байқауы осымен 12-ші рет өткізілуде. Байқаудың негізгі мақсаты - өнертапқыштықты дамыту, экономикадағы инновация деңгейін көтеру, бірегей үздік өнертабысты өндіріске енгізу», - деді комиссия мүшесі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Әлеуметтік саясат және бизнес комитетінің төрағасы Талғат Доскенов.
Оның атап өтуінше, байқау жеңімпаздары 24-ші сәуір күні салтанаты түрде марапатталады. Оларға арнайы дипломдар мен 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.
«Өткен жылғы жобалардың басым бөлігі ақпараттық технологиялар саласына тиесілі болды. Олардың бірқатар «ЭКСПО-2017» көрмесінде жүзеге асырылатын болады», - деді ол.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы байқаудың жылдың үздік өнертабысы аталымына - 108, үздік өнертапқыш әйел аталымына 38, ең жас өнертапқыш аталымына - 10, ең белсенді өнертапқыш аталымына - 37, ал жас дарын аталымына 88 өтінім келіп түскен.