Астанада шұжық өнімдерін шығаратын цех ашылды

Мемлекеттік бағдарлама аясында берілген арзандатылған несие қаражаты есебінен жаңа цех барлық әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келетін заманауи технологиялық қондырғылармен жабдықталған. Бұл ет өнімдерінің 110-нан астам түрін шығаруға мүмкіндік береді. Цехтың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 5-7 тонна немесе айына 100 тонна дайын өнімді құрайды. Алдағы уақытта өндіріс көлемін 25%-ға арттыру жоспарланған. Төмен температуралы арнайы тоңазытқыш камераларында 200 тонна ет шикізатын сақтауға болады.
Елорда әкімдігі қызметінің басым бағыттарының бірі - отандық өндірушілер тауарларының сапасын арттыру және өндірісін дамыту бойынша кәсіпкерлерді қолдау болып табылады. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында өндірістік базаны және оған жақын орналасқан жеке кәсіпкерлік объектілерін электр энергиясымен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ететін қуаттылығы 2 мВт-тық трансформаторлық аралық станция салынды.
Цехта 150 астам жұмыс орны ашылды, өнім елорданың және көрші облыстардың базарларында сатылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.