Астанада ШЫҰ-дағы есірткі айналымына қарсы күрес мәселесі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ШЫҰ-на мүше-мемлекеттердің заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес жөнінде өкілеттілік берілген құзыретті органдар басшыларының кезекті Кеңесі өткізілді.

Астанада ШЫҰ-дағы есірткі айналымына қарсы күрес мәселесі талқыланды

Кеңес қазақстандық тараптың төрағалығымен өтті, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Бұл шараға ШЫҰ-на мүше-мемлекеттердің заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес жөнінде өкілеттілік берілген құзыретті органдар басшылары қатысты.

Кеңес барысында тараптар достық, әрі конструктивті жағдайда ШЫҰ мүше-мемлекеттердің есірткі ахуалы, сондай-ақ заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл саласында және ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің есірткіге қарсы ведомстволарының өзара практикалық іс-қимыл жасасуын нығайту туралы пікір алмасты.

«Қазір ШЫҰ-ны заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тиімді іс-қимыл жасайтын беделді халықаралық ұйым деп сеніммен айтуға болады, - деп атап өтті Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов. - Бұл, әрине, біздің елмен арадағы дәстүрлі ашық және достық қарым-қатынастарға негізделген ынтымақтастығымыздың нәтижесі».

ШЫҰ соңғы 16 жыл аралығында өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі міндеттерді қамтамасыз ету, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету және ізгілік ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында үздіксіз жұмыс істеп келеді.   

Қорытындысында тараптар есірткі айналымын бақылаудың халықаралық жүйесін қолдау және сақтау қажеттілігі, сондай-ақ өңірдегі есірткі  ахуалын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау туралы келісім жасады.