Астанада Сыр өңірінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қыркүйектің 13-14 -і күндері Астана қаласында Қызылорда облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып жатыр.

Астанада Сыр өңірінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жәрмеңкеге 50 жүк көлігіне тиелген 60-қа жуық тауарөндірушінің құны 200 млн. теңге болатын 500 тоннаға жуық өнімі әкелінген.

Атап айтқанда, 200 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет, 20 тоннадай балық, 160 тонна бақша өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері, 5 тонна ас тұзы жеткізілді.

Астанада Сыр өңірінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ, жәрмеңке аясында Сыр елінің өнерпаздары қатысқан мәдени-танымдық концерттік бағдарлама елордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Астанада Сыр өңірінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолға қойылған.

Осы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығында 46,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,6%-ға артты.

Астанада Сыр өңірінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс бойынша 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, атап айтсақ, дәндi дақылдар 92,9 мың гектар, майлы дақылдар 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 73,3 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 17,4 мың гектар. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес 80,9 мың гектар жерге күріш себілді.

Шаруашылықтар егін жинауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.

Астанада Сыр өңірінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгінде егін жинау науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр. Ерте егілген дәнді дақылдар толық жиналып бітті. Қазіргі таңда мал азықтық, майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша және күріш жиналып жатыр.

Аймақта мал шаруашылығын дамытуға жасалған қолдаудың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру ұлғайды.

Облыс бойынша 2025 жылдың 1 тамызына 425,4 мың бас ірі қара, 830,3 мың бас қой мен ешкі, 270,7 мың бас жылқы, 66,0 мың бас түйе және 126,8 мың бас құс тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара 0,5%-ға, жылқы 9,7%-ға, түйе 1,2%-ға, құс 1,2%-ға артты.

Астанада Сыр өңірінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқынды дамып келеді. Биыл облыстан құны 18,8 млн. долларды құрайтын 37,7 мың тонна өнім әлемнің 19 мемлекетіне экспортталды.

Барлық экспортталған өнімнің 89,4 пайызын құрайтын күріш өнімі Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттеріне жіберілді. 

Астанада Сыр өңірінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта инвестжобалардың жол картасы әзірленіп, жалпы құны 57,1 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар өңір экономикасын одан әрі өркендетуге бағытталған.

 

Соңғы жаңалықтар