Астанада Сирия жанжалын реттеуге байланысты кезекті келіссөздер өтті
Бұған дейін келіссөздер БҰҰ-ның араағайындығымен наурыздың аяғында Женевада жүргізілген болатын. Бірақ, онда Сирия билігі мен оппозицияның бетпе-бет кездесуі болған жоқ. Олардың әрқайсысы БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан де Мистура және Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Геннадий Гатиловпен бөлек-бөлек кездесіп, өздерінің талаптарын жеткізді. Мәселен, оппозициялық тарап өтпелі кезеңнің саяси мәселелерін талқылауды ұсынса, Асад үкіметінің өкілдері күн тәртібіне терроризм мәселесін қосуды талап етті. Бұған оппозиция жағы үзілді-кесілді келіспейтіндігін мәлімдеді. Сөйтіп, Женева келіссөзі айтарлықтай нәтиже бермеді. Сірә, бұл осыдан біраз бұрын ресейлік саясаттанушы Евгений Сатановский айтқандай, Женевада Еуропаның ықпалымен Башар Асад билігіне қарсылық пен саяси талаптар жайы, ал Астанада қарулы қақтығыстарды уақытша, не түбейгейлі тоқтатуы мәселесі талқыланатындықтан болса керек. Сондықтан да жұртшылық Астанадағы кездесуге көбірек үміт артатын сыңайлы.
Осының алдында Сочиде Ресей және Түркия президенттері В.Путин мен Е.Ердоған кездесіп, онда екі елдің сауда-экономикалық қатынасына қоса, Сириядағы ахуалды реттеу тақырыбы да қозғалған. Сонда Ресейдің Астана келіссөзінде қауіпсіздік аймақтарын құру жөнінде ұсыныс жасайтыны белгілі болған. Содан бір күн бұрын В.Путин мұны АҚШ президенті Д.Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, талқылаған, бірақ, мәселеге екеуінің көзқарасы екі түрлі болған көрінеді.
Бір айта кететіні, Астанадағы кездесу барысында Мәскеудің бастамасымен Түркия, Ресей және Иран тарапынан деэскалациялық аймақтар құру жөнінде келісімнің мәтінін Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жиналғандарға жариялап, кепіл болушы елдер өкілдерін қол қоюға шақырған сәтте оппозициялық топтың өкілі «Иран - қылмыскер!» деп айқайлап, залды тастап шықты. Мұның өзі оппозициялық тараптың жанжалды реттеуге Иранның қатысуына қарсы екенін аңғартады.
Алты жылдан астам уақыт соғыстан көз ашпай келе жатқан Сирия жерінде алдымен төрт өңірде атыс-шабыс тоқтап, бұл жергілікті халықтың тыныштығы мен бейбіт өміріне жол ашатын болса, құба-құп, басқаша айтқанда, қуанарлық іс, құптарлық бастама.
Сирия Араб Республикасының ішкі жағдайынан бейхабар біреулер: «Бұл неге бітпейтін дау-жанжал?» - деуі мүмкін. Мұнда мәселе ресми билік пен оған қарсы оппозицияның дау-дамайы болса бір сәрі. Ең жаманы - «Сирия соғысына» сыртқы күштердің араласып отырғаны. Осыған дейін де айтылғанындай, Ресейдің әскери авиациясы, ливандық «Хезболла» қозғалысының отрядтары, Иран мен Ирак еріктілері, жеке әскер компаниялар үкімет әскерлерінің жағында соғысып жүрген болса, оппозициялық құрамаларды АҚШ, Сауд Арабиясы, Түркия мен Катар қару-жарақпен қамтамасыз етіп, Ансар әл-Ислам секілді сунниттік құрамалар бірге шайқасып жүр. Бұған тағы, өз беттерінше соғысып жүрген террористік жиһадшыл «Джебат ан-Нусра» мен ДАИШ ұйымдарын қосыңыз. Басқаша айтқанда, Сирия жері әртүрлі әскери құрамалардың ұрыс қимылдарының «театр алаңына» айналған.
Осындай себеппен Сирия мәселесі шешілуі қиын да күрделі түйін болып отыр. Сондықтан оның қашан аяқталатыны туралы кесімді пікір мен болжам айту қиын. Алда әлі талай келіссөздер жүргізілмек.
Астанадағы келесі кездесу алдағы шілденің орта тұсында болмақ. Оған дейін Түркияның астанасы Анкарада екі рет сарапшылардың кеңесу отырысы өткізіледі.